Инфляция иілмейін деп тұр

404

0

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені тағы да көтерді. Ресми парақшасына  сүйенсек, оны  жылдық кестеге сәйкес 16,75%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдаған. Баспасөз хабарламасында бұл шешім болжамдар мен нақты деректердің талдауына негізделгенін айтқан.

Оған геосаяси жағдайдың белгісіздігі мен салдары, сондай-ақ әлемде азық-түліктің жоғары бағалары сақталып отырған сыртқы ортаның факторлары әсер еткен. Ішкі экономика тарапынан инфляциялық күтудің барынша тарихи жоғары деңгейде болуы, сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болмауы, сондай-ақ импорттың жедел өсуі кезінде сауданың қайта құрылуы да байқалғанын айтады.

Ресми мәлімдемеде: «Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындады. Оның қазіргі деңгейі жеткілікті жоғары деп бағаланады. Базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы бүгінгідей мәндерде сақтау инфляцияны тұрақтандыруға және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа проинфляциялық күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда ақша-кредит саясатын одан әрі күшейту ықтималдығы төмен деп бағаланады» делінген.

Ұлттық банктің сайтынан ондағы базалық мөлшерлемені белгілеу кестесіне зер салдық. Айталық жылдың басындағы мөлшерлеме 10,25% болса, ол ақпан, наурыз айларында 13,50%, сәуір, маусымда 14%, шілде, қыркүйекте 14,50%, қазан айында 16%- ды құрапты. Базалық мөлшерлеменің өсуі инфляцияға да әсер ететіні анық.

Банк мамандарының айтуынша, инфляция жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Қараша айында оның жылдық мәні 19,6% болып, барлық компонент бойынша өскен.

–       Қараша айында айлық инфляция біршама баяулады, бірақ әлі де көпжылдық орташа деңгейден айтарлықтай асып, жоғары деңгейде қалуда. Биыл болжам бойынша жылдық инфляция 20-21% деңгейінде қалыптасады. Бағалау бойынша инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың 1-тоқсанында болады деп болжанады.  Ал 2024 жылы ішкі сұраныстың өсуі және күтудің мейілінше баяу төмендеуінен инфляция 7-9% шегінде болмақ.

Экономиканың өсу динамикасында жалпы баяулауға қарамастан, биыл тау-кен өндірісін санамағанда, экономиканың негізгі секторлары жылдам өсуде. Тау-кен өндіру саласында өнім шығарудың төмендеуі кен орындарын жөндеуге, сондай-ақ логистиканың бұзылуына байланысты. Биылғы жылы ЖІӨ-нің өсуі 2-3% шегінде қалыптасып, кейіннен 2023 жылы 3-4%-ға дейін жылдамдайды. Бұл бұрын болжанған сыртқы сұраныстың әлсіреуіне, мұнай өндірудің біршама қалыпты болуына және Қазақстан экспортын әлемдік нарықтарға жеткізуде туындайтын проблемаларға байланысты. Бұдан кейін ЖІӨ-нің өсуі тұрақталады деп болжанады. Мұнай өндірудің ұлғаюына байланысты экспорттың өсуі, сондай-ақ үй шаруашылықтары тарапынан сұраныс қалыпты болған кезде инвестициялардың ұлғаюы негізгі қозғаушы күш болады. Келесі жылы фискалдық саясат әлі де ынталандырушы сипатта болады, бірақ бюджеттік қағиданың қолданылуы нәтижесінде серпін орта мерзімді кезеңде бәсеңдейді. Бұл мемлекеттік тұтыну мен ішкі сұранысты қолдайды. Экономиканың одан әрі өсуін импорттың өсуі тежейді. Инфляция бойынша болжам тәуекелдері геосаяси шиеленістің салдарына және оның одан әрі дамуына қатысты белгісіздікке, сауданы құрылымдық қайта құру кезеңінің ұзақтығына, инфляциялық күтудің жоғары және тұрақсыз болуына, жоғары азық-түлік инфляциясының сақталуына байланысты, – делінген мәлімдемеде.

Қарапайым оқырманға түсінікті болу үшін, базалық пайыздық мөлшерлеме дегенге тоқатала кетейік. Бұл – несиенің алуан түрлері бойынша пайыз есептеу үшін банктер белгілеп, жариялайтын пайыздық мөлшерлеме. Ол көп ретте жылдық мөлшерлеме ретінде есептеледі. Оның мөлшері несие ресурстарына сұраным мен ұсынымға, ақша нарығының пайыздық мөлшерлемесіне, ақшаға билік жүргізетін орындар белгілейтін пайыздық мөлшерлемеге байланысты. Базалық пайыздық мөлшерлеме әдетте банктің ең төмен пайыздық мөлшерлемесі екенін айта кетейік.

Экономист мамандардың айтуынша, оның өсуінің тиімді және тиімсіз тұстары бар. Мәселен, егер сіздің депозитте жинаған қаржыңыз болса, онда сіз үшін пайдалы болмақ. Мамандар депозитте ұзақ мерзімде теңгемен ақша ұстаған тиімді деп есептейді. Өйткені, пайызы жоғары болады. Бірақ халықтың артық қаржы жинамақ түгілі, несиеге азық-түлік алып отырғанын ескерсек, базалық мөлшерлеменің өсуі олар үшін қуанатындай жаңалық емес. Ал тиімсіз жағына келер болсақ, тұтынушылық, бизнес үшін берілетін несиелердің пайызы жоғарылайды деген сөз. Демек, қандай да бір кәсіп көзін ашатындар үшін немесе оны кеңейтетіндер үшін қолайсыз.

Қазір кредитсіз ісі өнбейтін жұртшылықтың қатары артуда. Баласын үйлендірсе де, көлік, баспана, тон алса да, тіпті күнделікті пайдаланатын тұрмыстық техника мен киім-кешектің бәрін несиеге алатын халықтың қарасы күн сайын артып келеді.  Мәселен, тұтынушылық несиеге берешектер күрт көбейіп, қазақстандықтардың 6 триллион теңгеден астам қарызы бар. Бұл кейінгі бес жылда 4 триллион теңгеге артқанын банк мамандары да растап отыр.

Ұлттық Банктің ендігі кезекті жоспарлы шешімі келер жылдың 13 қаңтарына сәйкес келіп тұр. Онсыз да күн сайын шарықтап, қуып жеткізбей баратын бағаға қашан тоқтам болар екен?

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<