Ипотекалық несие көлемі өсуде. Ол проблеманы шеше ала ма?

833

0

Халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартудың жолы – ипотекалық несие. Қазір Қазақстанда ипотекалық қарыз көлемі 2,8 трлн теңгеге жеткен.

Ипотекалық несие рәсімдеушілердің көпшілігі Алматы және Нұр-Сұлтан  қалаларының үлесіне тиеді. Бұл орайда Қызылорда облысының үлесі орта деңгеймен шамалас. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, соңғы жылдары ипотекалық несие беру көлемінің айтарлықтай ұлғаюына қарамастан, оның ішкі жалпы өнімге қатынасы (3,8 пайыз) Еуразиялық экономикалық аймаққа қатысушы елдерден айтарлықтай төмен көрінеді. Мұндай көрсеткіш Ресейде 9,5, Беларуссияда 6,7, Арменияда 6,7 пайызды құрайды екен.

Ұлттық банк ұсынған ақша-несие статистикасына мән берсек, биыл қаңтар-тамыз айларында жаңадан берілген ипотекалық қарыздар көлемі 2020 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе, яғни 1 трлн теңгеге дейін өсіпті. Ипотекалық қарыздардың өсе түсуіне зейнетақы қорындағы жинақтарды мерзімінен бұрын пайдалану шарасы да әсер еткен. Азаматтардың біразы ипотекамен үй алу үшін зейнетақы жинағындағы қаражатты алғашқы жарна ретінде пайдаланған еді. Бірақ есесіне тұрғын үй бағасы да өсті.

Агенттік дерегінше, жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның өсуі ұсыныстардың ұлғаюына қарамастан жалғасып жатыр. Елімізде 8 айда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 10,5 пайызға ұлғайып, 8,9 млн шаршы метр болған. Тұрғын үйге сұраныстың үлкен қарқынмен өскенін сату, сатып алу келісімдері де растайды. Биыл мұндай келісімдер 2020 жылдың сегіз айымен салыстырғанда 2,1 есе өскен.

Мемлекеттік несие бюросының деректері бойынша бір қарыз алушыға берешектің орташа сомасы жыл басынан бастап 10,4 пайызға ұлғайып, 8,4 млн теңгені құраған. Ипотекалық қарыз бойынша борыштың орташа сомасының ұлғаюы – жылжымайтын тұрғын үй бағасының өсуімен байланысты болып отыр.

Осының барлығы – ресми органдардың мәліметі. Әрине, ипотекалық несиеге жүгінетіндердің саны бізде шектеулі. Қалған халықтың саны да осыған шамалас. Біздің облыста ол шамамен 150 мың адамды, республикада 2,5 млн адамды құрайды. Олар табысы аз немесе мұғалімдер, дәрігерлер, сол сияқтылардың санатына кірмейтін болғандықтан, ипотекалық несиеге үміт арта алмайды. Жоғарыдағы цифрлар тәуелсіз сарапшылардың зерттеуінен алынып отыр.

Иә, Қазақстанда ипотекалық несие көлемі өсуде. Бірақ қазір сарапшылар белгілі бір халық жігінің жалақысы өсіп, негізгі әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтың нәпақасының өзгеріссіз қалуын алаңдатарлық жағдай деп есептейді.

Бұл – бүгінгі таңның өзекті мәселесі.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<