Исі қазақтың Исатайы

802

0

Өмір сынағынан илікпей, именбей өткен, үлкен мен кіші алдында иіліп тұратын бегзада болмысымен Исатай Әбдікәрімов әлі күнге халқының есінде. Білікті басшы, тегеурінді тұлға, қарымды қайраткер, алтын жұлдызды азамат ауданды, аймақты басқарды, жоғарғы кеңестің төрағасы болды. Сыр елінің құрметіне бөленді.

Айтулы азаматтың атын асқақтату арда халықтың абыройын арттыра бермек. Сол үшін де И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі Мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері және Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімовтің 100 жылдығына орай «Өмірі болған өнеге» атты облыстық ғылыми-теориялық конференция өткізді. Қайраткердің туған күні 15 мамыр – бұл коллледж үшін айтулы күн. 2003 жылы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің №497 қаулысымен Қызылорда аграрлық-техникалық колледжіне техникум түлегі Исатай Әбдікәрімов есімі берілген болатын.

Шуақты шара ең әуелі И.Әбдікәрімовтің ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Одан соң жиылған жұрт колледж мұражайымен танысты. Ал оқу ордасының спорт залында ардагерге арналған дәстүрлі Х баскетбол турнирі өтіп жатты.

Конференцияда қоғам қайраткері Бақберген Досмамбетовке, облыстың құрметті азаматы Алмагүл Божановаға және Шәмшия Исатайқызына алғысөз берілді. Олар білікті басшының өнегелі өмір жолы мен тағылымға толы тағдыры жайында айтып берді.

Бұдан бөлек, «И.Әбдікәрімовтің Қызылорда облысындағы қызметі» баяндамасын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институты директорының орынбасары Сәкен Серікбаев көпшілікке таныстырды.

Ал облыстық оқу орталығы (әдістемелік кабинет) бөлім меңгерушісі Н.Боранбекұлы «Сыр елінің ардақтысы» баяндамасында кейіпкеріміздің азаматтық болмысын ашты. «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің «Қоғамдық саяси тарихы архиві» филиалының бөлім басшысы Дана Қалтаева болса «И.Әбдікәрімов жеке тектік құжаттары архив қорында» атты баяндамасы арқылы тың деректермен бөлісті. Сонымен қатар, колледждің жоғары санатты оқытушысы Рахия Әбуова «Шежірелі білім ордасы» жайында кеңінен тоқталды.

Тумысынан «елім, жұртым» деп, бар өмірін туған еліне арнаған И.Әбдікәрімовтің 100 жылдығына арналған 100 іс-шара жоспары жыл басында бекітілген екен. Соған сай оқу топтарында тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, түрлі спорттық шаралар жыл көлемінде өткізіле бермек.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<