Энергетиктер еңбегі еленді

422

0

Энергетиктер күніне орай өткен салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов сала мамандарын құттықтады. Басқосуда олардың ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүргенін атап өтті.

– Энергетика – қашан да әлеуметтік сала мен индустрияның алға жылжытушы күші әрі экономиканың негізгі діңгегі саналады. Ал сіздер өңірдің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін өндіріс саласын дамытуға орасан зор үлес қосып келесіздер. Тәуелсіздік алғалы облыс көлемінде 1200 шақырымға жуық электр желілері салынып, 350-ден аса қосалқы станция орнатылды. Бұл өз кезегінде, халықты сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тағы бір айта кететін жайт, осыдан 7 жыл бұрын Қызылорда қаласы ғана газға қосылса, бүгінде барлық аудан орталықтары мен 20-дан астам елді мекен «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Келер жылы тағы 7 елді мекенді қосып, межені 72 пайызға жеткіземіз. Осылайша, 2025 жылға дейін 70 ауылды газдандырсақ дейміз. Өйткені газдандыру – ауыл халқының тұрмысын арттырудағы маңызды фактор, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мұнан соң, қызметте абырой биігінен көрінген сала үздіктері марапатталды. Нақтырақ айтсақ, «Қазақэнергиясараптама-Қызылорда» ЖШС бас директоры Жанат Темірбаев облыстың Құрмет грамотасымен, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Батыржан Көмекбайұлы мен «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК слесарі Жалғас Серікбайұлы және тағы да бірқатар сала мамандары ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісін иеленді. Сондай-ақ, «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» АҚ-ның қосалқы станциялар қызметінің шебері Наурыз Әмірұлы, «Қызылорда газ тарату жүйесі» КМК Қармақшы аудандық газ шаруашылығының басшысы Ержан Темірбекұлы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

– Өнеркәсіп пен тұрғын үй саласының қарқынды дамуының нәтижесінде энергия тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Өздеріңізге белгілі, «Қызылордажылуэлектрорталығы» – өңірдегі электр және жылу энергиясын өндіретін жалғыз кәсіпорын. Өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген орталық бүгінде қажетті электр қуатының тек 30 пайызын ғана қамтамасыз етуде. Қалған 70 пайызы сырттан сатып алынады. Осы жайттарды ескере отырып, ауқымды жоба қолға алынды, – деді Мархабат Жайымбетұлы.

Бұл саладағы биылғы жылдың басты жаңалығы – Сыр елінде заманауи үлгідегі жаңа жылу-электр станциясы салынбақ. Оңтүстік өңірлерді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, электр қуаты 240 МВт құрайтын және жылу энергиясын беретін бу-газ қондырғысы құрылысының жалпы құны 200 миллиард теңгеден асады. Бүгінде нысан құрылысын жүргізетін инвестор компания анықталған. Ауқымды жобаны түріктің «Aksa Energy» компаниясы іске асырады. Өз кезегінде жаңа нысан аймақтағы энергия жетіспеушілігін едәуір төмендетпек.

Орайы келгенде айта кетейік, бүгінде өңірдегі электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен. Облыста 10 мың шақырымнан астам электр желілері мен 1800-ден астам әртүрлі кернеудегі қосалқы станция бар. Энергетика басқармасының мәліметінше, олардың тозу деңгейін 30 пайызға дейін төмендетуге 150 млрд теңгеден астам қаржы қажет.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<