Кәсіпкерге қолдау көп

512

0

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Кейінгі 9 жылда кәсіпкерлерге 91 мыңнан астам әртүрлі бағытта кеңес беріп, 13 мыңнан астам сервистік қызмет көрсетті. Сонымен қатар, былтыр мыңнан аса кәсіпкердің құқығын қорғауға жәрдемдесті.

– Қазір өңірде 66 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік нысаны бар. Тиісінше, өсім өткен жылмен салыстырғанда 29,5 пайызға жоғарылап отыр. Жалпы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіп, құқықтық тұрғыда жәрдемдеседі. Былтыр біздің мамандар 1000-нан аса кәсіпкер азаматтың құқығын қорғап, 1 млрд теңгеге жуық қаржыны сақтап қалды. Сондай-ақ, палатаға келген 486 өтініштің 151-і оң шешімін тапса, қалған өтініштерді зерттеудеміз. Палатаның тағы бір ерекшелігі кәсіпкерлерге арнайы эскпорттық сертификаттар рәсімдеу екенін айтқым келеді. Кейінгі үш жылда 6 мыңнан астам сертификаттар беріліп, эскпорт көлемі 80 пайызға артқанын байқауға болады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Иә, біздің өңірден жиі экспортталатын өнімдер –  балық пен күріш екені баршаға аян. Дегенмен, бұдан өзге мұнай өнімдері, цемент, кварц құмы, сондай-ақ өткен жылдың соңынан бері шыны өнімдері бірнеше мемлекеттерге эскпортталып жатыр. Өткен жылы Қызылорда облысынан өндірілген өзге де өнімдер Украина, Тәжікстан, Грузия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Түркия, Мальта, Франция және Дания елдеріне экспортталған.

Орайы келгенде айта кетейік, палата мамандары кейінгі төрт жылда 14 индустриалды сертификат рәсімдеп, оған 40-қа жуық өзгеріс енгізіп, жаңартқан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<