Кітап кемелденуге көмектеседі

1518

0

«Кітап – ақылыңа ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген екен түркі жұртының ұлы ақыны, ойшыл Әлішер Науаи. Осы сынды бірнеше құнды пікірлерді  жақсы білеміз. Расында, қай кезеңде де кітаптың алатын орны бөлек, ол кемелденуге көмектеседі. Қаншама технологиялар шығып жатыр. Бірақ бұлардың бәрі кітапты алмастыра алмасы анық. Оқыған адамның күні қашан да жарық. Кітап оқу – бос уақытты өткізу емес, тұлға болып қалыптасуға орасан зор көмегі тиетін өте пайдалы іс. Адам жинақтаған білімін жас ұрпаққа кітап арқылы таратады.

Кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені және өзін-өзі тануға көмектеседі, оқу арқылы өткен тарихыңды, болашағыңды біле аласың. Есте сақтау қабілетін және логикалық ойлауды дамытады, яғни, көп оқыған адамның жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады.  Оқығаныңды іштей талдасаң, адам психологиясын жетік түсіне бастайсың.

Көңіл-күйің болмаса бір сәт жабырқаудан арылтады, уақытша болса да уайымыңды басады. Талдауға, сараптауға, өзіндік пікір қалыптастыруға үйретеді. Ми үшін кітап оқу  денеге жасалған физикалық жаттығу секілді.

Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдысын қалыптастырады, адамның сөздік қоры көбейе түседі. Жалпы сауаттылық деңгейін арттырады. Оған өз тәжірибеңде көз жеткізуге болады. Мысалы, бір шығарма оқыса болды,  бұрын екі сөздің басын құрамайтын адам, өз ойын жеткізе алатындай дәрежеге жететініне күмән жоқ.

Адам бойындағы шығармашылық қабілеттер мен қиялын дамытады. Кітап оқудың тағы бір пайдасы адам ағзасының қартаймауына септігі бар екенін оқымыстылар дәлелдеуде. Урсула Ленз – егде адамдармен жұмыс жасайтын федеральды біріккен ұйымның қызметкері былай дейді: «Егде адамдар үшін кітап оқу пайдалы екеніне бірнеше себеп бар. Біріншіден, оқылған сөзді санада бейнеге айналдыру қабілеті когнитивті қызметке жақсы әсер етеді. Екіншіден, оқу ойын жинақтауға көмектеседі. Сондықтан оқудың қартайғанда да белсенді ақыл-ойды сақтап қалуға пайдасы бар екен».

Қазір керек ақпарат табу үшін аудио, видео, ғаламтор секілді жеңіл жолдар табылып тұрғанда кітап оқуға деген құштарлық азайып кетті. Менің ойымша бала ерте жастан онымен дос болса, болашақта көзі ашық, көкірегі ояу адам болып қалыптасады.  Мысалы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өз бетімен ізденуінің, кітапты көп оқуының арқасында бірнеше тілді меңгерді. Ал М.Горький болса, «мен өз бойымдағы барлық жақсылығым үшін кітапқа борыштармын» деген. Ломоносов та жас шағында оқуға шамасы келмей, әбден есейген кезде оқыған. Сол секілді кітап оқудың ерте-кеші жоқ. Қай заманда болмасын, адамзат алдында тұрған ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жас ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани байлығын, жалпы ой-өрісін дамытуда, талап-талғамын қалыптастыруда ең үлкен де ұлы тәрбие құралы – кітап.

Кітапқа сену керек! Оқу керек! Ол керек сәтте үнсіз де қала алады, сөйлей де алады…

Меруерт АЯПОВА,

№104 орта  мектеп  кітапханашысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<