Көктем арулары марапатталды

2575

0

Облыстық «Сыр бойы» газеті редакциясында оқырмандар арасында ұйымдастырылған «Ару көктем» фотобайқауының марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шарада бас редактордың орынбасары Гүлжазира Жалғасова мен аға тілші Ғазиза Әбілда сайыс қатысушыларын құттықтап, ақжарма тілектерін жолдады.

Ұлттық киімдерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға 9 қатысушы өтініш білдіріп, өз суреттерін ұсынды. Конкурс жеңімпаздары «Сыр бойының» сайтында дауыс беру арқылы анықталды.

Нәтижесінде сырдариялық Ләйла Жүкекова дауыс ерекшелігімен басым түсіп, бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Шаған ауылының аруы Айнұр Сәдуова, үшінші орынды қызылордалық Айару Аманбаева иеленді. Барлық қатысушылар арнайы жүлдемен марапатталды.

– Қазақтың ұлттық киімдерін дәріптеу мақсатында ұйымдастырған байқау үшін редакция ұжымына алғыс айтамын. Шығармашылық табыс тілеймін. Абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем болсын. Осындай игілікті іс-шаралар жалғасын тауып, оқырмандар белсенділігі арта берсін, – деді белсенді қатысушы Жұлдыз Асқарова.

Ж.Маханбетов атындағы №43 орта мектебінің оқушысы Айару Аманбаева да алғыс айтып, аталған байқаудың әрі қарай жалғасын тапса деген ниетін білдірді.

– Байқауға қатысушыларды шын жүректен құттықтаймын. Облыстық «Сыр бойы» газетінің ұжымына алғысым шексіз. Мені қолдаған жандарға көп рахмет! Еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді ол.

Жиын барысында қатысушылар ризашылықтарын білдіріп, естелік суретке түсті.

«СБ» ақпарат

Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<