Көлік айрығы құрылысы аяқталуға жақын

480

0

2020 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы бойынша Қызылорда облысында ірі жобалардың бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолымен жанасатын жердегі көлік айрығын салу» жобасы басталған болатын. Үш жылға созылған құрылыс осы жылы аяқталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Пакуатдин Шамұратов айтты.

– Өздеріңізге белгілі, көлік айрығы автомобиль жүргізушілерінің облыс орталығынан магистральді автомобиль дәлізіне кептеліссіз әрі қауіпсіз қосылуына мүмкіндік береді. Жұмыстың негізгі бөлігі бітті. Сонымен қатар, қазір Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы ұзындығы 7,1 шақырымды құрайтын автомобиль жолын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба да биыл аяқталады, – деді басқарма басшысы.

Еске салайық, республикалық бюджеттен жолдар мен көшелерге бөлінген қаржы көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. Аймақ басшының тапсырмасына сәйкес биыл қосымша 16 млрд теңгеден астам инвестиция тарту межеленуде. Жалпы, қолдау табылған қаражаттарға ұзындығы 440 шақырым автомобиль жолдары мен көшелерді және 11 көпірді салуға, жөндеуге бағытталды.

Ауылдық елді мекендердің ішкі көшелері мен жолдарын жақсартуға ерекше мән берілуде. Мәселен, биыл 167 шақырым қала мен аудандарға қарасты елді мекендердің ішкі көшелері жөнделіп, бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде нақты жобалар ұсынылды. Атап айтсақ, «Ауыл – ел бесігі» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 8 жоба қарастырылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<