Күн ысыса, ысырап көбейеді

319

0

Қала тұрғындары ауызсумен «Қызылжарма» және «Қызылорда» жерасты су кені арқылы қамтамасыз етіледі. Қазіргі кезде 58 ұңғымадан тәулігіне 70 мың текше метр ауызсу өндіріліп, тұтынушыларға таратылуда.

Бұл туралы «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Өтепов баспасөз орталығында өткен брифингте баяндады.

Бүгінгі күні кәсіпорын 82 671 тұтынушыға қызмет көрсетеді.

− Ауызсу сапасы Қазақстан Республикасында бекітілген стандарттарға сай келеді. Мұның барлығын кәсіпорынның базалық зертхана мамандары күнделікті тексеріп бақылайды. Кәсіпорын теңгеріміндегі барлығы 107 ұңғыманың 74-і жұмыс жағдайында, 12 ұңғыма резервте, 17 ұңғымаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Қазір ұңғымаларды іске қосу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда, − деді Н.Өтепов.

Өткен жылы дәл осы мерзімде тәулігіне 50-54 мың текше метр ауызсу берілсе, қазіргі уақытта 70 мың текше метр беріліп отыр. Тұрғындар ауызсуды жылда айтылатын жасыл желектер мен бау-бақшаларды суаруға пайдаланады. Ауызсу қысымы төмендеп, көпқабатты тұрғын үй тұтынушыларынан шағым жиілейді.

Ауызсуды үнемдеуді тұтынушыларға түсіндіру мақсатында әлеуметтік желілерде бейнероликтер жарияланып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп келеді. Ысырапқа жол бермеу үшін кәсіпорынның инспектор-бақылаушылары күнделікті рейд жүргізіп, заңбұзушылықтар дер кезінде анықталады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<