Әлемге үлгі болған бастама

318

0

Биыл «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының құрылғанына 30 жыл. Осыған орай «Тағзым» алаңында митинг өтіп, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Митингке облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов қатысты.

– Тарих беттерін парақ­тай­тын болсақ, «Невада-Семей» қоз­ғалысының құрылғанына тура 30 жыл толып отыр. 1989 жылы 28 ақпанда ақын Олжас Сүлейменов Жазушылар үйінде қозғалыстың құрылғаны жөнінде мәлімдеме жасағаны тарихтан белгілі. Ондағы мақсат – қазақ жерінде ядролық қару сынаудан болып жатқан зиянды жою, атом полигонын жабу. Әлемдік геосаясатта «хартленд» деген ұғым бар. Бұл «жер кіндігі» деген сөз. Сібір мен Қазақстан аумағы осы ұғымға сәйкес аймақ саналады. Жер кіндігіне көз алартушылар қай кезде де аз болмаған. Полигонның Семей жерінде құрылуы, ядролық сынақтардың жасалуы осының дәлелі. Әдепкіде мұны халық білген жоқ. Тек 1959 жылдан бастап біздің жерімізде сынақ жүріп жатқаны туралы ақпараттар жеткізілді. Семей алаңында 500-дің үстінде ядролық сынақ жасалды. Осындай зардапты жоюға қарсы құрылған қозғалыс – еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы қарлығашы. Қоз­ғалысты халық қолдады. 1989 жылы тамыз айында Елбасы Семей атом полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. 1991 жылдан бастап барлық сынақ тоқтатылды. Сөйтіп біз әлемге ядролық қаруды таратпау жөнінде ең алғашқы бас­таманы көтерген бейбітшіл ел ретінде танылдық. Елбасының осындай шешім қабылдауы адамзатқа үлгі болды, – деді ­Руслан Рүстемұлы.

«Невада-Семей» облыстық қоғамдық бірлестігінің төр­ағасы Сәбит Әбіш сынақ алаңында еңбек еткен, әскери борышын өтеген азаматтарға өңірдегі ауруханалардан арнайы палата бөлініп, тұрақты ем алуға жағдай жасалғанын атап айтты.

Іс-шара мұнан әрі А.Тоқ­мағамбетов атындағы мәдениет үйінде жалғасты. Мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Семей сынақ алаңында әскери борышын өтеген бірқатар азаматтарға облыс әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<