«ЛИДЕР» біз қай сападағы күріш сортын сеуіп жүрміз?

3138

0

Күріш – өңірдің суармалы егіншілігіндегі негізгі дақыл. Аймақта ауа райының ерекшеліктеріне және өзен бойы шөгінді топырақтың тұздылығына байланысты күрішті суарудың суға тұрақты бастыру әдісі қолданылады, яғни тұқым себілген соң сумен атыз топырағы бетін бастырып, күріш пісіп жетілгенше су деңгейі реттеліп отырады. Сондықтан, күріштің өсуі мен дамуының шектеуші факторы су емес, күн сәулесі мен қорек режимі болып табылады. Алайда, күріш сорттарының өсімдік тіршілігі факторларына талабы, олардың морфологиялық, физиологиялық ерекшеліктеріне қарай өзгеше болады.

Көрші Ресей елінде 2018 жылы қолдануға рұқсат етілген 58 күріш сортының 32-сі Бүкілресейлік күріш ғылыми-зерттеу институтында шыға­рылған. Олардың ішінен суға тұрақты бастырып өсіруге «Атлант», «Лидер», «Олимп», «Регуль», «Фаворит» және «Янтарь» сорттары ғана жарайды. Бұл сорттардың өсімдіктері өскіндер алу кезінде су қабатынан тез өсіп шығу қабілетімен ерекшеленеді және жеткілікті тығыз сабақтар қалып­тас­тырады.

Күріштің «Лидер» және «Янтарь» сорттары облыста кеңінен таралды. Өткізілген сынақтардан соң, бұл сорттар 2008 жылы Қазақстан Респуб­ликасында пайдалануға рұқсат еті­летін селекция жетістіктерінің Мемле­кеттік тізіліміне енгізілген. 2012 жы­лы «Лидер» сорты облыста 10 мың гек­тардан аса,  ал  «Янтарь» сорты 18,5 мың гектарға егілген. Кейінгі жыл­дары олардың, әсіресе «Лидер» сортының егіс көлемі ұлғайып келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­масының мәліметі бойынша 2017 жылы егілген 89,1 мың гектар күріш егісінің 51,5 пайызы, яғни, 45,9 мың гектарға «Лидер» сорты егілсе, 2018 жылы барлық егіс көлемінің 64 пайызы, 2019 жылы 88 мың гектардай күріш алқабының 75 пайызы немесе 65,5 мың гектары, «Лидер» сорты болып, оның  өнімділігі гектарына 63 цент­нерді құраған.

Облыстың құрғақ ауа-райы жағ­дайында және азот тыңайтқы­шының қолайлы мөлшерінде бұл сорт пири­куляриоз ауруына ұшырамайды.

«Лидер» сорты Краснодар өлке­сінде 1999 жылы шығарылған, өнім­ділік әлеуеті гектарына 100-110 цент­нер, өніп-өсу дәуірінің ұзақтығы 120-125 күн. Қазіргі кезде «Кубаньда» аз көлемде, гербицид қолдануға бол­майтын санитарлық аймақтарда өсі­ріледі. Шаруашылықтарда «Лидер» өнімділігі гектарына 65-70 центнер болғанда, сортты өсіруде еш мәселе туындамаған, кейін Кубаньда қабыл­данған, өскіндерді топы­рақты ылғал­дап алу қарқынды техноло­гия­сын қол­данғанда сорт егісі тығыз болып, пи­рикуляриоздың шашақбастық фор­масымен залалдану фактілері кез­дескен. Кейінгі жылдары экспортқа бағытталған күріш жармасының  са­пасына жоғары талаптар қойы­луына байланысты, Ресейде де жоғары­ сұрыпты жарма өндірілетін «Лидер» сор­тына қызығушылық бар.

Краснодар өлкесінде жыл сайын «Лидер» сортының бірегей тұқым­дарын 8-10 тонна шамасында Бү­кілресейлік күріш ғылыми-зерттеу инс­титутында, элита тұқымдары Сла­вян ауданының «Привольное» агро­фирмасында және Қырым ау­даны «Вороная О.А.» ЖК шаруа­шылықтарында 250-300 тоннадай өндіріледі. Бұл мекемелерде тұқымды күріштің қызылдәнді формаларынан толық ажырататын лазерлік фото­сепараторларлы тұқым тазалағыш кешендер бар.

Сыр бойының күріш өсіруші кә­сіпкерлері «Лидер» сортының эли­талық тұқымдарын Ресейдің Крас­нодар өлкесінен сатып алып, жергілікті жерде көбейтіп, пайдаланып жүр.

Краснодарлық әріптестердің ай­туынша, Сыр бойы күріш өндіру­ші­лерінің сорттық элиталық тұқым­дарына сұранысы 60-80 пайыз  ғана қанағаттандырылады екен. Оған се­беп тапсырыс пен келісім-шарттың  алдын-ала берілмеуі және тұқымдық материалға тапсырыстың аз мөлшерде болуына байланысты өндірушілер тарапынан көңіл аз бөлінуі.

Күріш өсімдігі топырақтан азот, фосфор және калий элементтерімен қа­тар көп мөлшерде кремний эле­ментін сіңіреді, сол себепті дақылды кремнефил деп атайды. Күріш бір гектар танаптан өніп-өсу дәуірі бойына бір тоннадай  кремний пайда­ланады.

Биохимиктердің зерттеулері крем­нийдің өсімдіктің өткізуші түтік­тері мен жапырақ алаңдарында жи­нақталып, өсімдіктің жығылуға және өсімдік ауруларына, дәннің қой­ма зиянкестері мен ауруларына төзім­ділігін арттыратынын көрсеткен.                                        

Күріш өсімдігінің құрамындағы кремний мөлшері мен аурудың даму қарқындылығы арасында тығыз байланыс бар екендігі анықталған. «Лидер» сортының өскіндерінде 6,16 пайыз, гүл қабықшаларында 19,9 пайыз кремний болғандықтан, аурудың даму қарқындылығы  25 па­йыздан  төмен. Яғни, «Лидер» сорты өсімдіктері кремнийді көп мөлшерде сіңіріп, пирикуляриозға жоғары тө­зімділік көрсетеді.

Краснодар өлкесінде «Лидер» суға тұрақты бастыру арқылы өскін алатын, гербицидсіз технологияға арнап шы­ғарылған. Сорттың өсімдіктері су қабаты астында өте қарқынды өсіп, жылдам су бетіне шығады. «Лидер» сорты тұқымдарының өну жыл­дамдығы мен өскіндердің су бетіне шығу жылдамдығы арасындағы тығыз коррелятивтік байланыс бар екені бел­гілі болған. Сирек агроценоздардың өзі түптену есебінен тығыз, өнімді егісті қамтамасыз етеді. Қоректену деңгейінің орта дәрежесінде «Лидер» сортының дән өнімділігі  мен жанама шашақбастардың дән массасы ара­сында жоғары коррелятивтік бай­ланыс бар екені анықталған. Яғни, өсімдікте 2-3 өнімді сабақ болуы тиіс. Мұндай жағдайда «Лидер» сор­ты өсімдігі қуатты тамыр жүйесін қалыптастырып, қоректік заттардың қажетті мөлшерін, оның ішінде крем­ний де бар, сіңіруді қамтамсыз етеді.

«Лидер» сорты өсімдігінің қа­лыпты өсуі мен дамуы үшін қарқын­ды типті сорттарға қарағанда, азот тыңайтқышы 40 пайызға  аз қажет болады. Жоғары дән өнімін қалып­тастыру және пирикуляриозға дала­лық төзімділігін  қамтамасыз ету үшін «Лидер» сорты өсімдіктері қа­лыпты тығыздықта, өзінің жақсы дамыған тамыр жүйесі арқылы то­пы­рақтан қоректік элементтердің қа­жетті мөлшерін алуға қабілетті. Бұл сортпен жүргізілген зерттеулер күріш өсімдігінің тығыздығы  бір шаршы метрде 240-250 дана өсімдік  және өнімді түптену коэффициенті 2-3 болғанда жоғары өнім алынатыны және пирикуляриоз ауруына шалдық­пайтыны белгілі болған. Оның себебі, жақсы түптеген өсімдіктерде қуатты тамыр жүйесі қалыптасып, гүл қабық­шаларындағы кремний мөлшері жо­ғарылап, өсімдік пирикуляриоз ау­руына ұшырамайды. Сол себепті тұ­қымның далалық шығымдылығын ескере отырып, тұқым себу мөлшерін азайту ұсынылады.

Қорыта айтқанда, «Лидер» сорты­ның тұқым себу мөлшерін азайту есе­бінен өсімдікті жақсы түптету арқылы пирикуляриоз ауруына шал­дықтырмай, сорттың өнімділік әлеуетін барынша тиімді пайдаланып, өнім­ділігі мен өнім сапасын арттыруға мүм­кіндік бар. 

И.ТАУТЕНОВ,

 Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

университетінің профессоры, а.ш.ғ.д.

С.БЕКЖАНОВ,

 аға оқытушы, PhD

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<