Мәдениет жаңалықтары

4

0

Терме – тәрбие бұлағы

М.Ералиева атындағы мәдениет үйінде «Терме – тәрбие бұлағы» атты «Тәлім» жыр-терме үйірмесінің концерті өтті.

Мәдениет үйінің директоры Манас Молдашев үйірме өнерпаздарының жетістіктеріне тоқталды. Концерт шымылдығын Қуаныш Алғазиев же­текшілік ететін жыр-терме үйірмесінің өнерпазы, облыстық байқаулардың жеңімпазы Мадияр Әнетов Мұзараптың «Балымша» әнімен бастады. Нұртуғанның «Кәнекей, тілім сөйлеші», Нау­рызбайдың «Сөз сөйлейін термеден» термелерін Нұрдәулет Алматұлы орындаса, Базар жыраудың «Бастауын» және халық әні «Ақеркені» Мерейлім Болатбек нақышына келтіріп шырқап, көрермен көңілінен шықты.

Ал үйірменің ең кішкентай өнерпазы Әліби Рахымша халық әні «Еркем-айды» шырқап, кө­рермен қошеметіне бөленді.

Концертті өнерпаздар Бәкір Тәжібаевтың «Ту­ған жер» әнімен қорытындылады.

Жадымда тұрар жаңғырып…

Ұстаз-әнші, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Перуза Арғынбаеваны еске алуға арналған тағылымды классикалық ән кеші өтті.

Өнер мен парасатты бойына сіңірген Перуза Амангелдіқызы өмірінің соңына дейін шәкірт тәрбиелеу жолында үздіксіз еңбектеніп, талай талантқа бағыт-бағдар беріп, биікке жетеледі.

Кеште облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Қуантқанұлы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеулімжай Шалтақ­байұлы ардақты ұстаз туралы естеліктер айтты.

Бұл кеш өнер мен ұстазға деген құрметтің жарқын көрінісі, рухани сабақтастықтың жалғасы болды.

Жыр күмбезінің биігі

Жыраулық дәстүрдің дара өкілі, жыр дүлдүлі Сәрсенбай Бөртебайұлының 125 жылдығына арналған «Сәрсенбай сазы» атты аймақтық жыршы-жыраулар фестивалі өтті.

Шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ж.Сейілов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сәрсенбай жыраудың мақамы өз тұсындағы жырауларға мүлдем ұқсамайтын еді. Сыр бо­йын­дағы белгілі ақындардың өлең, жыр-тер­мелерін, толғау-хикаяларын айта отырып, өз туын­дыларын да ел ішіне таратты. Ал бүгінгі ұрпақ баба жолын жалғап, жыр күмбезін биіктетіп келеді.

Тағылымды шарада Ақтөбе қаласынан Демеу­бай Жолымбетов, сырбойылық жыршы-жыраулар Ақмарал Ноғайбаева, Берік Саймағанбетов, Шолпан Бимбетова, Руслан Ахметов, Гүлжамал Бейісова, Көптілеу Қосбармақов, Назерке Жақ­сығұлова, Амантай Сәрсенбаев, Айгерім Ешбаева, Айдос Рахметов, Әділхан Қуаңбаев, Марат Сү­гірбай, Жәнібек Жақсан, Ақерке Шоңбаева, Талант Балтабай және Сәрсенбай жыраудың ұрпақтары Майра, Жауһар Сәрсенбаевалар мен Амантай Қуатжан өнер көрсетті.

Түркістан. Мыңжылдықтар сәулесі

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының «Түркістан. Мыңжылдықтар сәулесі» атты республикалық көшпелі көрмесінің ашылу рәсімі өтті.

Көрменің негізгі мақсаты – бүкіл Түркі әлеміне ортақ ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің тарихи болмысын, рухани мұрасын кеңінен насихаттау, оның жолын жалғаған шәкірттері мен ізбасарларының еңбектерін көпшілікке таныстыру. Сонымен бірге «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорында сақталған бірегей жәдігерлерді халық назарына ұсыну.

Іс-шара соңында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің ұжымына облыс­тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқар­масы басшысының атынан алғыс хат пен арнайы сый-сияпат табысталды.

«СБ» ақпарат