Мұғалім беделі – қоғам беделі

349

0

Елбасы қай кезеңде де халыққа арнаған Жолдауында мемлекетіміздің алдында тұрған айқын міндеттерді айшықтап, жаңа бастамаларға тың серпін беретіндігінің куәсі болып келеміз. Биылғы Жолдауға халық ықыласы, соның ішінде педагогтар қауымының ризашылығын тудырған «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, келесі жылға дайындау қоғамның қажет етіп отырған мәселесі деп білемін.

Мұғалімдерді ғана емес, осы білім, тәрбие саласында жүргендерді де серпілткен ұсыныс болды. Бұл қабылданатын заңда педагогтың әлеуметтік мәртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін, қажетсіз тексерістерді азайту мәселелері көрініс табатынына сенімдімін. Мұғалімнің алатын жалақысы мен еңбегінің арасындағы алшақтық, қағазбастылық, өзінің міндетінен тыс қоғамдық жұмыстарға тартылуы сияқты мәселе­лер қалпына келеді, құқықтық тұрғыдан қорғалады деп ойлаймын. Мұғалімге дөрекілік көрсетуді заңды құқығым деп білетіндер үшін де тиым болары сөзсіз. Сонымен бірге, біздер, педагогтар осы арқылы өзімізге артылған жауапкершілікті сезініп, ұстаз деген атқа лайық бола білуіміз де керек.

Біз ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлының «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген сөзінің шындық екендігіне көз жеткіздік. Ендеше, елдің болашағына білім, тәрбие беретін мұғалім мәрте­бесін белгілеуде ешқандай мәселені көзден таса қалмайды деп сенеміз.

Базаркүл АБДИКАСОВА,

Е.Әуелбеков атындағы дарынды

балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернаттың мұғалімі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<