Маңызды бағыт – су шаруашылығын дамыту

325

0

Облыстың экологиялық жағдайы күрделі. Бұл, ең алдымен, Арал теңізінің құрғау салдарымен байланысты. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікәли Мұқатаев жастар ресурстық орталығында өткен брифингте айтты.

Жалпы, экожүйені жақсарту үшін жүйелі шаралар қолға алынуда. Өткен жылы жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Сондай-ақ, 2020 жылы өңірлерде экожүйені жақсарту жөніндегі жол карталары бекітіліп, іске асырылуда.

– Қызылорда облысының экологиялық мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасындағы 52 іс-шараның 10-ы орындалды. Қызылорда және Байқоңыр қалаларының жеке секторын, 7 аудан орталығы мен 19 ауылдық елді мекенді газдандыру, №6 жылу-электр орталығының күл үйіндісін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Серікәли Мұқатаев.

Кейінгі үш жылда Қызылорда және Арал қалаларында 2 жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынды. Биыл 3 аудан орталығында қалдықтар полигоны құрылысының жобалық құжаттамалары әзірленді.

Өңірде минералды шикізат ресурстарының айтарлықтай әлеуеті бар. Еліміз ванадий қоры бойынша әлемде бірінші орын алады. Облыста ванадийдің жалпы республикалық баланстан тыс қорының 66 пайызы шоғырланған. Алдағы 5 жылда ел бойынша жер қойнауын 680 мың шаршы шақырымнан астам аумақта, оның ішінде Қызылорда облысында 16,5 мың шаршы шақырымға өңірлік геологиялық зерттеу жоспарлануда.

– Тағы бір маңызды бағыт – су шаруашылығын дамыту. Саладағы негізгі мәселелер – су шаруашылығы объектілерінің тозуы, судың үлкен шығыны. Осыған байланысты, су шаруашылығы инфрақұрылымын салу, реконструкциялау және суару арналарын цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді вице-министр.

Екінші бағыт шеңберінде су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіру және дамыту, су үнемдеуді экономикалық ынталандыру, оның ішінде тарифтерді қайта қарау, табиғи су объектілерін сақтау және қалпына келтіру жоспарланған.

Вице-министрдің айтуынша, Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен теңіздің құрғаған табанына сексеуіл көшеттері отырғызылуда. Жалпы, 2025 жылға дейін 1,1 млн гектар аумақта сексеуіл егіледі.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<