Мемлекеттік қызметші – ел айнасы

442

0

Бүгінде Қызылорда облысында 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Оның 1490-ы нәзік жанды болса, ал 342-сі 29 жасқа дейінгі жастар. Олар өңірдің әртүрлі саласында еңбек етіп, экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев мемлекеттік қызметшілер күніне орай саладағы жаңашылдықтарды баяндады.

– Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың бейбіт өмірі бәрінен қымбат. Осы себепті мемлекеттік қызметшінің қызметі – туған елі мен халқына адал еңбек етуімен бағаланады. Қазіргі таңда облыстағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 3 318 бірлікті құраса, онда жұмыс істейтін 3 232 қызметкер бар. Мемлекеттік қызметшілердің білімін жетілдіріп отыру өте маңызды. Тиісінше, осы жылы жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарда қызмет ететін 804 қызметшінің білімін жетілдіру жоспарлануда. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыру мақсатында жыл басынан бері 160-тан астам мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, департаменттің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында «Сіз білесіз бе?» танымдық айдары жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай спорттың 7 түрінен спартакиада ұйымдастырылатын болады. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілер арасында «Бақытты отбасы», «Үздік мемлекеттік қызметші», «Үздік ауыл әкімі», «Үздік мемлекеттік қызмет көрсетуші» «Үздік әдеп жөніндегі уәкіл» конкурстары өткізіледі. Барша мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, қызметтеріне табыс тілеймін!, – деді Ерлеген Жәрдемұлы.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<