«Модельдік пәтер жобасы» іске қосылды

574

0

Қызылорда облысындағы оңалту орталығында «Модельдік пәтер жобасы» іске қосылды. Әлеуметтік тұрмыстық бейімделуіне жәрдемдесетін бұл жоба республикада алғаш болып жүзеге асты. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Әбдукаримов мәлімдеді.

– «Модельдік пәтер» жобасы мүгедектігі бар адамдарды оңалту мақсатында ашылды. Онда әлеуметтік тұрмыстық, медициналық, психологиялық бағытта қызмет көрсетіледі. Биылдан бастап мүгедектігі бар адамдар өз таңдауы арқылы техникалық оңалту құралдары мен қажетті қызмет түрлерін әлеуметтік қызметтер порталының көмегімен алуда, – деді ол.

Нақты кезеңде облыс көлемінде 23 277 әлеуметтік оңалтуды қажет ететін жандардың 87,2 проценті 8 бағыт бойынша тиісті көмек алған. Айта кетейік, биыл «Өзіңе сене баста» атты мүгедектігі бар кәсіпкерлерге арналған көрме байқауы өтті. Нәтижесінде, жеңімпаз кәсіп иелері бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қазіргі таңда аймақта мүгедектігі бар 30 мыңнан аса адам бар болса, оның 5 мыңға жуығы әртүрлі кәсіп саласында еңбек етеді. Сондай-ақ, осы жылы 258 әлеуметтік инфрақұрылым нысанына толық бейімдеу жүргізіліп, республикалық «Қолжетімділіктің интерактивті картасына» енгізілді. Ал Қызылорда қаласында әлеуметтік, психологиялық кеңес беру мақсатында «Тең қоғам орталығы» ашылып, қызмет көрсетуде.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<