Наурыз мерекесі орталық алаңда тойланады

932

0

Қызылордада Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурыз мейрамы Амал мерекесінен бастау алады. Негізгі шаралар 21-22 наурыз күндері Орталық алаңда өткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов баяндады. Аталмыш мерекеде Қорқыт ата даңғылынан Ыбырай Жахаев көшесінің қиылысында арнайы арка орнатылып, іс-шара басы тақырыптық прологпен басталады.

– Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі және Қызылорда облысының 85 жылдық торқалы тойы қарсаңында 85 баланың тұсауын кесу рәсімі жасалады. Өнер арбатын бойлай орналасқан жарты киіз үй пішінді нысандардың айналасы тақырыпқа сәйкес безендіріледі. Бұған қоса, «Этно ауыл» салт-дәстүрге негізделген арнайы көрмені тамашалаумен жалғасады. Мұнан өзге, 4 арнайы шатыр тігіліп, облысымыздың құрылу кезеңінен бүгінге дейін сыр шертетін көрме Сыр елінің кешегісі мен бүгінгісіне бағытталған. Одан кейін орталық алаңның негізгі сахнасында тақырыптық прологпен басталатын концерттік бағдарламаға жалғасады, – деді Жанмұрат Сейілов.

Сондай-ақ орталық алаңды айналдыра 38 киіз үй тігіліп, әр үйге тақырып беріледі.

– Алаңның әрбір нүктесінде мереке ажарын ашатын мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылып, бұқара халық арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мадақтама грамоталары, медальдар және сыйлықтар табысталады. Мұнан өзге, «Көлтауысарлар сайысы» яғни қымыз ішуден жарыс өтіп, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылынан шыққан жас жұптың беташар рәсімі жасалады. Сонымен қатар, қолөнершілердің арнайы киіз үйі тігіліп, ұлттық бұйымдар көрмесі ұсынылады, – деді қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<