Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу қызметі автоматтандырылды

322

0

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының үшінші бағыты бұл – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру болып табылады.
Аталған бағыт бойынша Әділет департаментінде тіркелетін мәслихаттар, әкімдіктер, әкімдер және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық актілері 2018 жылдың 24 шілдесінен бастап түгелдей электронды форматқа ауыстырылып, электронды тіркеу мемлекеттік органдардың интранет-порталы (бұдан әрі – МО ИП) арқылы жүзеге асырылып жатыр.  
 Бүгінде мемлекеттік органдардың интранет-порталын орнату жоспарланған 80 елді мекеннің (ауылдық округ, ауыл, кент деңгейіндегі) мемлекеттік басқару органдары   автоматтандыру жүйесіне толықтай көшті деп айтуға болады.
Қағазсыз құжат айналымына өтудің ең бастысы – тұлғалармен тікелей қарым-қатынасты болдырмайды, уақытты үнемдейді.
Ендігі жерде жергілікті мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымы толықтай электронды түрде жүргізілуі тиіс.
Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу үшін әділет органына мемлекеттік органдардың интранет-порталы арқылы мемлекеттік органның бірінші басшысының, ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адамның электрондық цифрлық қолтаңбасын қою жеткілікті.
МО ИП-қа қолжетімділік болмаған және/немесе «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгі болған кезде бірлескен нормативтік құқықтық актіні қағаз түрінде қабылдау осы нормативтік құқықтық актіні қабылдайтын мемлекеттік орган басшысының қол қоюымен куәландырылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Нормативтік құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 6 қазандағы №568 және «Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы» 569 қаулыларына Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылдың 4 желтоқсанындағы  №804 қаулысымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Онда жергілікті мемлекеттік органдары актілерінің электронды түрде әзірлеу, келісу және тіркеуге ұсыну тәртіптері көрсетілген.
Жергілікті әзірлеуші мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары аумақтық әділет органдарына міндетті түрде келісуге жіберіледі.
Сонымен қатар, әзірлеуші мемлекеттік органдар  нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеп, МО ИП арқылы әділет органдарына келісуге жіберілуін қамтамасыз етеді.
 Әділет органдары жергілікті мемлекеттік органдармен әзірленген нормативтік құқықтық актілерінің жобаларымен келісуді  келіп түскен күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Тиісті аумақтарда карантиндiк режимдi енгiзе отырып, карантиндiк аймақты белгiлеу (күшiн жою) туралы, ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастауды), сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау келіп түскен күнінен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың жекелеген нормаларының қолданысын тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық акт жобасын келісу келіп тускен күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Әділет органдарынан ескертусіз келісу туралы жауап алынғаннан кейін ғана акті қабылданып, мемлекеттік тіркеуге ұсынылады.
Жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілері әділет органдарына қазақ және орыс тілдерінде МО ИП арқылы электронды түрде – олар бекітілген күні, қағаз түрінде – бекітілген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде,  мәслихаттар қабылдайтын нормативтiк құқықтық актiлердi ұсыну мерзімі осы актілер қабылданған, яғни мәслихаттың сессиясы өткізілген күннен бастап жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұсынылады.
Мемлекеттік тіркеу әділет органдарына әзірлеуші мемлекеттік органнан келіп түскен күннен, ал бірлескен нормативтік құқықтық акт қабылданған жағдайда – негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік органнан келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Заң сараптамасының нәтижелері бойынша келіп түскен құжаттарда кемшіліктер болған жағдайда пысықтау үшін қайтарылады, нормативтік құқықтық актіні пысықтау кезеңінде мемлекеттік тіркеу мерзімі тоқтатыла тұрады және мемлекеттік тіркеуге қайта ұсынылған жағдайда қайта жаңартылады, жергілікті мемлекеттік органдар  кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылдап, мүдделі мемлекеттік органдармен қайта келісуді жүргізу уақытын қоса алғанда, 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қайта жібереді, одан кейін әділет органдары пысықталған нормативтік құқықтық актіні 3 (үш) жұмыс күні ішінде тіркеу жұмыстарын жүргізеді.
Электронды тіркеу басталғалы  Әділет департаментінде 248 нормативтік құқықтық акті мемлекеттік тіркеуден өткен.
 Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.
Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларын, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларын және әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жүзеге асырылады.
Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу рәсімін автоматтандыру бойынша қолданыстағы заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді көздейді. Мәселен, «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тіркелген нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау тәртіптерін реттейтін нормаларға автоматтандыру бойынша өзгерістер енгізілмек.
Н. Арзыкулова,
Қызылорда облысының Әділет департаментінің бас маманы,
Қазақстан Республикасының  Заңгерлер одағының мүшесі.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<