НЗМ оқушылары екі аптасын ауылда өткізді

822

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жазғы демалыс уақытында ауылға барып, ауыл жұртшылығының тіршілігіне араласу арқылы еңбекке баулыды.

9-сынып оқушысы Нұрсая Зинадинова жазғы демалыста Қазалы ауданы «Бекарыстан би» ауылының тыныс-тіршілігімен танысты. Облыс орталығында туып-өскен жас дарын ата-бабаларының туған жеріне баруға ерекше қызығушылық танытты.  Жоба барысында жергілікті тұрғындармен тілдесіп, ауыл тарихы бойынша қосымша ақпарат алған Нұрсая, халықтың жасап жатқан тіршілігін көріп, өз бойында бірнеше қасиеттерді дамыта алды.

«Ауыл тіршілігі өте ертебасталады. Таңмен тұрғындар төрт-түлік малды өріске айдап, бақшаны суару, сүт өнімдерін әзірлеу секілді жұмыстармен айналысады. Мен апамнан ұйыған қатықтан күбі пісіп, май мен құрт жасау технологиясын меңгердім. Барлық байлық ауылдан шығады деп ойлаймын. Сол үшін ауылдың қадір-қасиетін түсінуіміз керек», – дейді Нұрсая.

Бірнеше жылдан бері Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жүзеге асырылып келе жатқан «Екі апта ауылда» әлеуметтік жобасына 7-10-сынып оқушылары қатысады. Жас зияткерлер ата-аналарының туып-өскен киелі жерлеріне барып, қазақтың салт-дәстүрі, өлең-жыры, өнері мен мәдениеті тоғысқан ауыл тұрмысын көре алады. 

«Ата-әжеме көкөніс, жеміс-жидеккүтіп-баптауға көмектестім. Қамыс ору, малға жем беру жұмыстарын атқардым. Ауылда өткізген әрбір уақыт мен үшін көптеген тәлім-тәрбие берді. Мен өзімді ерте тұруға, еңбек етуге үйреттім», – дейді Нұржан Зейнулла.

Жоба қалада өскен балаларда ауыл түсінігін қалыптастырып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуге негіз болды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<