Облыс әкімі Аралдағы шаруа қожалықтарының қысқа әзірлігін бағамдады

300

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданындағы іс-сапары барысында бірқатар шаруа қожалықтарының иелерімен кездесіп, пікірін тыңдады. Алдымен облыс әкімі Аралқұм ауылдық округінде шаруа қожалықтарының қысқы мал азығын дайындау мәселелерін саралады.

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов өңірдегі қуаңшылықты еңсеру бағытындағы атқарылған жұмыстарды тізбелеп, қазіргі таңдағы ахуалды баяндады. Бүгінде аудан бойынша 114,1 мың бас шартты мал басы қысқа түсетін болып, оған 184,6 мың тонна шөп және 37,6 мың тонна жем қажеттігі нақтыланды.- Қазіргі таңда ауданға сырттан тасымалданған шөптің есебі 79007 тонна болса, өткен жылдан қалған шөп көлемі 4512 тонна, және өзіміздің территориядан орылған шөп көлемі 41098 тоннаға жетіп отыр. Яғни бүгінгі күнге ауданға қажетті 184640 тоннаның 124617 тоннасы қамтамасыз етілді.

Сонымен бірге солтүстік облыстардан қысқы мал азығын сатып алу мақсатында ҚР АШМ-нің келісімі бойынша «Азық-түлік келісім шарт» ҰК» АҚ арқылы жеңілдетілген бағада жем сатып алуға тапсырыс беріліп, қазіргі таңда операторлар анықталды. Мұнан бөлек, көршілес Ырғыз ауданының алқаптарынан шөп қорын жасақтау жөніндегі меморандум жасалды,-деді Серік Сермағамбетов.

Биыл облыс әкімдігінің ықпалымен тауарөндірушілердің мал азығына жұмсаған шығындарын ішінара субсидиялауға республикалық бюджеттің резервінен 1,7 миллиард теңге қаржы бөліп, бүгінгі күні жем-шөпке бөлінген қаражат игерілуде. Сонымен бірге орын алған қуаңшылыққа байланысты Болат Өтемұратов қоры Аралға 263 миллион теңге мөлшерінде көмек көрсетті. Бөлінген қаражат малға арналған жемшөп, мал азығын дайындауға арналған ауыл шаруашылық техникасын сатып алуға жұмсалды.

Сонымен қатар, бөлінген қаражатқа Аспай су ағытқысы іске қосылып, Кіші Арал теңізіне су ағыла бастады. Аймақ басшысы аудан әкімі мен шаруаларға мал азығын дайындауды уақытылы жүргізіп, бірлесе жұмыс істеуге шақырып, мәселені тұрақты бақылауға алуды міндеттеді. Мұнан соң, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Қамқор-тұтыну» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалықта 70 бас жылқы, 63 бас мүйізді ірі қара және 67 бас түйе бар. Сүт және ет өнімдерін өндірумен айналысады. Айына 3,5 тонна ет өндіріледі. Өңір басшысы мемлекет тарапынан аграрлық секторға көрсетіліп жатқан қолдауды тілге тиек етіп, бұл шаралардың одан әрі жалғасатынын айтты.

Аймақ басшысы іс-сапары барысында Қамбаш көлінің жағдайымен де танысты. Ауыл ақсалдарымен кездесіп, ортақ мәселелерді талқылады. Облыс әкімі резервінен бөлінген 250 миллион теңгенің 50 миллион теңгеге жуығы аудандағы каналдар мен жайылымдық, шабындық жерлерді суландыруға жұмсалғанын тілге тиек етті. – Қызылжар елді мекеніндегі «Бектау» каналын қазу жұмысы басталса, Аманөткел елді мекеніндегі «Бұрмақұлақ» учаскесіндегі дария арнасына тоспа салынып, жайылымдық жерлерді суға бастыру жұмысы аяқталды. Сонымен қатар, Мергенсай елді мекеніндегі «Үш шоқы» мал жайылымдық жерінде 1 су ұңғымасын қазу жұмыстары іске асты. Қазіргі уақытта Қосаман, Ақбасты елді мекендерінде су ұңғымаларын және Қулы, Дің арналарын қазу жұмыстары басталды.

Бүгінгі күні дарияның суы көтеріліп, «Қамбаш», Ақшатау көлдер жүйесіне мол көлемде су түсуде. Бұл жұмыстардың толық аяқталуы менің тікелей бақылауымда болады, – деді облыс әкімі. Ауданның ардагерлері қуаңшылық кезеңінде шұғыл шешім қабылдау нәтижесінде мал шығыны тоқтап, қысқы мал азығын жасақтау жұмыстары жолға қойылып, көлдер жүйесінің жағдайы қалыпқа келе бастағанын тілге тиек етіп, аймақ басшысына ризашылығын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз