Облыс аумағында аң аулау ережелері

1314

0

Аң аулау АШМ-нің бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес жүзеге асырылады. Кәсіпшілік және әуесқойлық (спорттық) деп екіге бөлінеді.

Кәсіпшілік аң аулау – кәсіпкерлік қызмет мақсатында жануарларды олжалау. Әуесқойлық (спорттық) аң аулау деп спорттық, эстетикалық қажеттіліктерді қанағаттандыруды және олжалаған өнімдерді жеке пайдалануды айтады.

Облыс аумағында кездесетін аң-құстарды аулау мерзімдері қағидаға сәйкес келесідей:

Қаз*, үйрек*, қасқалдақ құстарына қыркүйектің алғашқы сенбісінен (4 қыркүйектен) бастап 15 желтоқсанға дейін (аталық үйректерді көктемгі аулауға 1 наурыз-15 мамыр кезеңінде 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге рұқсат етіледі), борсық қыркүйектің алғашқы сенбісінен (2021 жылғы 4 қыркүйектен) 31 желтоқсанға, қырғауыл 15 қазан-31 желтоқсан (аң аулайтын иттермен және аңшы құстармен 1 қазаннан бастап), қабан 1 қыркүйек-31 желтоқсан, түлкi, қоян (құм қоян) аңдарына  1 қараша-15 ақпан аралығы белгіленген.

Аң аулау тек бекітілген аңшылық аймақтарда ғана жүзеге асырылады.

Қызылорда облысының жалпы жер көлемі 24130 мың гектарды құраса, оның ішінде жалпы жер көлемі 9805,784 мың гектарды құрайтын 41 аңшылық алқабы ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта 3325 мың гектарды құрайтын 17 аңшылық алқап 14 аң ісін пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Ал 6480,7 мың гектарды құрайтын 24 аңшылық алқап резервтік қорға қойылған.

Әуесқойлық (спорттық) аң аулау үшін аңшының қолында аңшы куәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаты мен аңшылық шаруашылық субъектісі берген жолдама болуы тиіс. Аңшыда ҚР Ішкі істер органының атыс қаруын сақтау және алып жүруге берген рұқсаты, ал қыран құстармен аңшылық жасаған кезде аушы қыран құстың  тіркелгені туралы құжат болуы керек.

Шетелдік азаматтарға жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат алу орны бойынша бюджетке төленген, аңшылық шаруашылығымен жасалған келісім-шарты негізінде рұқсат беріледі.

Тұяқты жануарларды (жабайы шошқа) аулау қорықшы қатысуымен жүргізіледі және тұяқты жануарды олжалаған жағдайда аңшының рұқсат құжатына белгі жасалады.

«Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңы мен «Аң аулау ережесінің» талаптары бұзылған жағдайларда құқық бұзушылар ҚР ӘҚБК және ҚР ҚК-не сәйкес жауапкершілікке тартылады. Заңда және қағидада бірқатар тыйымдар мен шектеулер белгіленген.

Мәселен аңшы куәлiгiнсiз, атыс қаруын сақтау мен пайдалану құқығын беретiн iшкi iстер органдары рұқсатынсыз оны қолдануға болмайды. Заңнамада белгiленген тәртiппен тiркеместен аңшы жыртқыш құстарды қолданып, аң аулау ережелерiнде көзделмеген құралдар пайдалануға жол жоқ. Аңшылық шаруашылығы субъектісімен шарт жасаспай кәсiпшiлiк мақсатта  аңшылық алқаптардың резервтiк қорында, алкоголь немесе есiрткiден масаң болып, егін орағы аяқталғанға дейін аң аулауға тыйым салынады.

ҚР Президентінің табиғат заңдылығының сақталуын қатаң бақылауға алу және осы салада заң талаптарын күшейту туралы тапсырмасы бар. Қылмыстық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қолданыстағы баптардың санкцияларына заңсыз аңшылықпен айналысқаны үшін жазалау мерзімі мен салынатын айыппұл көлемі қатаңдатылып, мүлкі тәркіленетін жазалар қосылды.

Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторға, мамандандырылған ұйым инспекторына, қорықшыға қатысты күш қолданғандардың қылмыстық жауапкершілігін қарау мақсатымен ҚР ҚК-сі 380-2-бабымен толықтырылды.

Облыстық табиғи  ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<