«Өзара құрмет пен жанашырлық – баршамызға ортақ құндылықтар»

631

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды жұртшылығымен кездесуінде облыстың тыныс-тіршілігімен танысып, нақты мәселелерді талқылау үшін арнайы келгенін атап өтті.  Сондай-ақ өңірдің тарихы мен ел руханиятында алатын орны туралы айтты.

Қарағанды облысындағы тау-кен және металлургия өнеркәсібі еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуда айрықша орын алатынына,  мұнда  республикадағы мыстың тең жартысы, көмірдің үштен бірі, болаттың 85 пайыздан астамы өндірілетініне тоқталды.

Президент Қарағанды облысының даму барысын ұдайы назарда ұстайтынын айтып, өлкенің өркендеуіне серпін беретін бірқатар басым бағытты атады.

– Бірінші, өңдеу өнеркәсібін қолдау. Облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі өңдеуші сектордың үлесі 80 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ көш бастап тұр. Әйтсе де облыстың осы бағытын одан әрі дамыту үшін мүмкіндік мол, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазіргі геосаяси ахуалға және әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызы одан сайын арта түсті. Осы ретте мемлекеттің міндеті –  орта және жоғары деңгейдегі тауар өндірісін ұлғайтуға қолайлы жағдай жасау.

Президент облыстың транзиттік-тасымал әлеуеті мен жол инфрақұрылымын, моноқалаларды дамыту мәселесіне тоқталды. Ірі өнеркәсіп кәсіпорындары орналасқан облыс тұрғындары экология мәселесін жиі көтеретінін айтты. Осы ретте Президент ірі кәсіпорындарға қоршаған ортаның тазалығын сақтау жөнінде қабылданған міндеттемелерді, стандарттар мен нормаларды қатаң сақтау керек екенін еске салды.

Мемлекет басшысының айтуынша, облыстың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейді.

– Қарағанды сияқты индустриясы дамыған облыс үшін бұл – маңызды мәселе. Мысалы, тек 2022 жылы «АрселорМитталТеміртау» АҚ объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құюы керек. Уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені  үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздің индустриялық қуатын арттыруға адал еңбегімен, маңдай терімен үлес қосып жатқан шахтерлер мен металлургтерге ризашылығын білдіріп, олардың еселі еңбегі ерекше құрметке лайық екенін айтты. Сондай-ақ  өнеркәсіп иелері шикізат бағасының оңтайлы сәтін ескере отырып, қарапайым жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге мүмкіндік таба алатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар жұртшылықпен кездесуде білім беру, денсаулық, спорт және мәдениетті дамыту, жайылым жайы сөз болды.

Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында автобус және коммерциялық техника өндіретін QazTehna зауытының және тұрмыстық техника шығаратын «Silk Road Electronics», көлік дөңгелегін шығаратын «KamaTyresKZ» зауыттарының жұмысымен және өнім түрлерімен танысты.

***

Кеше сондай-ақ Президенттің Павлодар облысына жұмыс сапары өңір жұртшылығымен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы өз сөзінде Павлодар облысы Қазақстанның дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі Ертіс бойына өзінің ықыласы ерекше екенін айтты.  Өңірдің басты басымдықтарына назар аударды.

Президент облыстың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтумен қатар шағын және орта бизнеске кешенді қолдау көрсету қажет деп санайды. Оның пікірінше, өңір кәсіпкерлері республикалық және тіпті әлемдік деңгейде сұранысқа ие жобаларды жүзеге асыра алады.

Мемлекет басшысы экология мәселелерін шешуді Павлодар облысындағы екінші басым міндет ретінде атады. Сондай-ақ өнеркәсіптің дамуы экологияға үлкен салмақ түсіретінін айтты. Бүгінде елде шығарылатын қалдықтардың үштен бірі осы облысқа тиесілі. Бұл  жыл сайын шамамен 700 мың тоннаны құрайды.

Мемлекет басшысы Павлодардағы экологиялық қозғалыс мүшелерінің жағдайға немқұрайлы қарамайтынын және ерекше белсенді екенін атап өтті. Президент облыстағы суармалы жердің көлемін екі есе ұлғайтып, 300 мың гектарға дейін жеткізу керек деп санайды. Сондай-ақ Ертістің суын тиімді, үнемді пайдаланған жөн екенін жеткізді.

Тағы бір маңызды мәселе – өңірдің инфрақұрылымын дамыту. Президент Үкіметке облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салуды тапсырды. Келесі бір басымдық – креативті индустрия мен туризмді дамыту. Мемлекет басшысының пікірінше, еліміздің қуаты адамдардың қайратына, біліміне және патриоттығына байланысты. Сондықтан адамға бағдарланған қызмет мемлекеттік саясатымыздың негізгі өлшеміне айналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі мамандықты меңгеріп, уақыт талабына бейімделудің айрықша маңызды екенін атап өтті. Бұл елдің бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Сонымен қатар жастардың үнемі білімін жетілдіріп, өз елінде ғана емес, әлемнің әр бұрышында сұранысқа ие болуға  ұмтылуы қажет екенін айтты.

Бұдан кейін Президент еліміздегі сайлауалды науқанға тоқталды.

– Өздеріңізге мәлім, мен еліміздегі ең ірі AMANAT партиясының Төрағасы қызметінен бас тарттым. Конституциялық реформа нәтижесінде Президентке өзінің өкілеттігін атқару кезінде партия қатарында болуға тыйым салынды. Алдағы сайлауға қандай ұйымның атынан қатысатыныма қоғам қызығушылық білдіріп отырғанын білемін. Ашығын айтайын, маған әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан өздерінің атынан үміткер болу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Әсіресе, жастар және басқа да қоғамдық ұйымдардың бастама көтеріп жатқанына қуандым. Осының барлығы азаматтардың кейінгі үш жарым жылда жүзеге асырылып келген реформалар мен өзгерістерге қолдаудың айтарлықтай артқанын көрсетеді. Бірақ жасаған ұсынысы мен сенімі үшін, стратегиялық бағытыма белсенді қолдау көрсеткені үшін барлығына алғыс айтамын. Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің ірі коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл Мемлекет басшысының түрлі партиялармен, бірлестіктермен тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сайлау науқанын заңнамаларды қатаң сақтай отырып жүргізуді қамтамасыз ету маңызды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ретінде президент сайлауының әділ әрі ашық өтетініне кепілдік берді.

***

Президент Павлодар облысына жұмыс сапары аясында 85 жыл бұрын іргесі қаланған Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияға барды.

Мектеп директоры Салтанат Шабажанова Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнының терең тарихы туралы ақпарат беріп, гимназияның жаңартылған кабинеттерін көрсетті.

Содан кейін Президент республикалық және халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған Павлодар облысының педагогтарымен әңгімелесті. Оларды Дүниежүзілік Ұстаз күнімен және қазақстандық педагогтардың өткен кәсіби мерекесімен, ал гимназия ұжымын мерейтойымен құттықтады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<