Өзбекстан Қазақстанмен арадағы шекараны уақытша жапты

268

0

Әуе қатынасы тоқтатылмайды. Алайда Өзбекстанға келетін адамдар ПТР-тестің теріс нәтижесін көрсетуге міндетті

Sputnik. Өзбекстан 15 қаңтардан бастап Қазақстанмен арадағы мемлекеттік шекарадан өтуді уақытша тоқтатты, деп хабарлайды елдің сыртқы істер министрлігі

«Аталған шаралар Өзбекстанға коронавирустың жаңа штаммы – «Омикронды» кіргізбеу үшін қолға алынып отыр», – делінген ресми хабарламада.

Әуе қатынасы тоқтатылмайды. Алайда Өзбекстанға келетін адамдар ПТР-тестің теріс нәтижесін көрсетуге міндетті.

Анықтама, кем дегенде, 48 сағат бұрын алынуы шарт. Бұдан бөлек, коронавирустық инфекцияны анықтауға арналған экспресс-антиген тестті тапсыру қажет.

Дегенмен, кейбір адамдар автокөлікпен мемлекеттік шекарадан өте алады.

Олар:

  • елге оралатын Қазақстан және Өзбекстан азаматтары;
  • үкіметаралық фельдъегерлік байланыс мамандары;
  • халықаралық жүк тасымалын жасайтын жүргізушілер;
  • ресми (үкіметтік) делегациялардың құрамында жүрген адамдар;
  • дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер және халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ, олардың отбасы мүшелері;
  • Қазақстан аумағында орналасқан Өзбекстанның нысандарына қызмет көрсететін мамандар, сондай-ақ, Өзбекстан аумағында орналасқан Қазақстанның нысандарына қызмет көрсететін мамандар;
  • инвестициялық жобалар аясында қызмет атқарып жүрген азаматтар;
  • Өзбекстанда тұрақты түрде тұратын Қазақстан азаматтары және Қазақстанда тұрақты түрде тұратын Өзбекстан азаматтары;
  • емделуге баратындар, ауырып жатқан жақын туыстарына баратындар және жақын туыстарын жерлеуге шыққандар;
  • марқұмдардың денесін алып келе жатқандар.