«Өзіңе сене баста!» көрме-байқауы

834

0

Қызылордадағы «Grand Plaza» қонақ үйінде «Өзіңе сене баста!» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің өнімдері қойылған облыстық көрме-байқау өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова қатысып, ағаш, тоқыма, сурет, тағам мен көптеген басқа да өнімдер ұсынылған көрмемен танысты.

Шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары тағдыр тауқыметіне қарамастан, қоғамда өз орнын тауып, өзін жұмыспен қамтып, тіпті өзгелерге жұмыс тауып берген азаматтар көпке үлгі болуға лайықты екенін атап өтті.

– Жұмыспен қамту – кез келген мемлекет үшін қашанда өзекті мәселелердің бірі. Ал азаматтарды жұмыспен қамтудың баламасы ол – кәсіпкерлік. Өңірде мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді қолдау әрі олардың дамуына жол ашу мақсатында «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай сервис орталығынан кезексіз қызмет алу қарастырылған. Сондай-ақ, 30 қараша күні мүгедектерге арналған оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған еліміздегі алғашқы модельдік пәтер ашылды. Кәсіпкерлікті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында қолдау шаралары жалғасын табатын болады. Бүгінгі байқау сіздердің қайсарлықтарыңызды, рухы мықты, өмірге құштар жандар екендеріңізді білдіреді. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға амандық, кәсіптеріңізге табыс тілеймін, – деді Б.Шәменова.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға түрлі салада кәсіпкерлікпен айналысып жүрген 50 адам қатысты.

Байқау жеңімпаздарын құрамында бизнес, мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерінен тұратын арнайы құрылған комиссия анықтады.

Қорытындысы бойынша «Тоқыма жіптерден картина әзірлеу» жобасымен Қазалы ауданынан қатысқан Жеңісбек Көжебаев облыс әкімінің дипломы мен 800 мың теңгеге ие болды. «Қолөнер, сәндік бұйымдар» жобасымен Қызылорда қаласынан қатысқан Серіккүл Әбжановаға екінші орын 600 мың теңгемен қоса табысталды. Ал, үшінші орынмен және 400 мың теңге сыйақымен «Тігін өндірісі» жобасымен Қызылорда қаласынан қатысқан Әсел Сейітмұратова марапатталды.

Сонымен қатар, байқаудың барлық 50 қатысушысы да облыс әкімінің алғыс хатына және 50 мың теңгелік ынталандыру сертификатына ие болды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<