Ойын-сауық орталығы ашылды

2117

0

Бүгін «Балалар жылы» аясында аудан орталығында «Pony» балалар ойын-сауық орталығы ашылды.

Үлкен сырғанақтар, құрғақ бассейндер, балалар атракциондары мен балалар аумағы – мұның барлығы ойын-сауық орталығының балаларға арналған қызмет түрлерінің бір бөлігі ғана.

Егер отбасыңызбен келген болсаңыз, сіздерді жайлы дәмхана аймағы күтеді. Айтулы күн немесе балалар мейрамы болған жағдайда, орталық сіздерге 150 орынға арналған үлкен зал мен аниматорлар ұсынады.

Ұлттық мереке – Республика күніне орай пайдалануға берілген орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, балалардың қуанышымен бөлісті.

– Биыл елімізде «Балалар жылы» деп белгіленіп, ауқымды шаралар атқарылуда. Мемлекет басшысы балалар ойнайтын, спортпен шұғылданатын алаңдарды көптеп салуды тапсырды. Осыған орай Республика күні қарсаңында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен демеушілердің қолдауымен 80 ойын алаңы пайдалануға берілді. Бүгін міне ауданымызда жеке кәсіпкер Нұрболат Аманов балаларға тағы да тарту жасап жатыр. Бүгінгі ашылған ойын-сауық орталығы баршаңызға құтты болсын! Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған кәсіпкерге сапалы қызмет көрсетеді деп сенім білдіріп, жұмысына сәттілік пен табыс тілеймін, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Салтанатты шарада кәсіпкерлік саласының дамуына аянбай атсалысып жүрген азаматқа аудан әкімінің құттықтауы табысталды.

Мұнан соң жаңа нысанның салтанатты түрде лентасы қиылып, құрметті қонақтар екі қабаттан тұратын ойын-сауық орталығын аралап көрді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<