Олжас Бектенов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асырудағы шикіліктерді атады

6818

0

Фото: ашық дереккөз

Жайлы мектептердің құрылысы Үкіметтің қатаң бақылауында болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруда белгілі бір шикіліктер де бар екенін атап өткен жөн. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Ұлттық жобаны іске асыру барысын, әсіресе жер учаскелерін бөлу және жобалық құжаттаманы кешіктіру мәселелерін әділ сынға алды. Үкіметке барлық проблемаларды тез арада жоюды тапсырды», — деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қорының тарапынан мердігер ұйымдардың жұмысына тиісті бақылау жасалмай отырғанын баса айтты. 

«Сонымен қатар, жекелеген өңірлерде әлі күнге дейін жер учаскелерін рәсімдеу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері шешілмей келеді. Өңір әкімдері тарапынан орын алып отырған формализм мен мәселені орталыққа ысыра салу әрекеті жобалау және құрылыс жұмыстарының кешігуіне әкеп соқтыруда», — деді ол.

Премьер-Министрдің айтуынша, сондықтан объектілер уақытында тапсырылмай қала ма деген қауіп те жоқ емес.

«Құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажет. Әрбір басшының тікелей есіне саламын — жайлы мектептердің құрылысы Үкіметтің қатаң бақылауында болады», — деді Олжас Бектенов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<