Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларды үймен қамту механизмі қалай іске асырылады?

266

0

Еліміздің оңтүстік өңірлерінен солтүстік аймақтарына қоныс аударушыларға тұрғын үй салу және сатып алу механизмі қалай іске асырылады? Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің директоры Жеңісбек Дулатов жауап берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықтық әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жуық арада елдің оңтүстік өңірлерінен солтүстік аймақтарына қоныс аударушыларға тұрғын үй салу және сатып алу механизмі іске қосылатынын жария еткен еді. Министрдің айтуынша, бұл жоспарды орындау үшін 2019-2021 жылдары бюджеттен 15 млрд теңге бөлінбек. Осылайша, алдағы екі жылда оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған 3 мың адам баспанамен қамтылмақ. Үкімет отырысынан кейін баспасөз орталығында тілшілердің сұрағына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің директоры Жеңісбек Дулатов аталмыш механизм қалай іске асырылатынын айтып берді.
 «Бағдарлама бойынша биыл мың жарым отбасы солтүстікке көшкен. Біз осы бағдарламада жаңа әдістерді қарастырып жатырмыз. Біріншіден, солтүстікке қоныс аударған адамдардың ең алдымен үй мәселесін шешуді көздедік. Баспана мәселесі шешілмесе, әлбетте, қоныс аударушылардың қызығушылығын тудыру қиынға түсері анық. Міне, сол үшін келесі жылдан бастап әр отбасыға жеке үй салынады. Сол үйде қоныс аударушылар бес жыл тұрса, бес жылдан кейін олар сол үйді өз атына аударып ала алады. Яғни, кейін ай сайын біздің есеп бойынша 20-25 мың теңге төлеп тұрса, қарыздарын төлеп болғаннан кейін үй толығымен сол кісілердің атына аударылады», – деді Жеңісбек Дулатов.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<