Қаламгерлер аллеясы ашылды

954

0

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қызылорда қаласында «Қаламгерлер аллеясы» ашылды. Бұл – қазақтың атақты қаламгерлері Қалтай Мұхамеджанов, Әбілда Тәжібаев, Зейнолла Шүкіровтің келісті ескерткіші орналасқан орын. Шараға қаламгерлер мен мәслихат депутаттары қатысты.

Аллеяның ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қызылорда қоғамдық телеарнасының құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Шәкизада Әбдікәрімов жылы лебіз білдірсе, ардагер журналистер Жолдасбек Ақсақалов пен Игорь Титенок көгілдір лента қию рәсімін жасады.

Салтанатты шара өнерпаздар әзірлеген театрландырылған қойылыммен аяқталды.

Одан соң «Студенттер сарайында» Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаевпен кездесу өтті. Тоқсан сайын журналистермен жүздесуді дәстүрге айналдырған қала басшысы бұған дейінгі басқосуда көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Өздеріңізбен біршама уақыт бұрын дәл осы дөңгелек үстел басында кездескен едік. Сонда айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынып, арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Біз ұсыныстарды жан-жақты саралап, тиісті жұмыстарды жасадық, – деді қала әкімі.

Бұған дейінгі басқосуда көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарына ауызсудың көтерілмейтіні, «Белкөлдегі» ескі қоқыс полигоны, балаларға арналған ойын алаңдарын салу сынды мәселелер айтылған болатын.

Бүгінде ауызсудың тиісті деңгейде көтерілуі үшін ұңғымалар саны 58-ден 74-ке жеткізілген.

Ескі қоқыс полигоны аумағына қатысты да тиісті шаралар атқарылуда.

– Осы нысан басына Сенат депутаттарын да ертіп апардым, тиісті министрлік жанындағы комитетке де бардым. Жоба құнының қымбаттығына қарамастан олар бізді қолдайтынын айтты. Қазір жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде, – деді қала басшысы.

Ғ.Қазантаев тарихи ғимараттардың жанына құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне тыйым салу мәселесі бойынша тиісті сала басшыларына тапсырма берілгенін, жыл соңына дейін апаттық деп танылған үй тұрғындарына 50 пәтер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған 200 және көпбалалы отбасыларға 430 пәтер беру жоспарда екенін  айтты. Сондай-ақ, қала көлемінде 25 ойын және спорт алаңы салынып,  қоғамдық көлік, су жүйесі, қала тазалығы секілді салалардың жұмысы жандандырылады.

Басқосуда қаламгерлер арнайы ашылған аллея үшін алғыс айтып, ұсыныстарын ортаға салды.

БАҚ өкілдері шет аймақтардағы жол, қоғамдық көлік, қысқа дайындық, қала тазалығы сынды  мәселелерді көтерді.

Жиында «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев жақын арада Сыр журналистикасының тарихына арналған 5 томдық еңбектің тұсауы кесілетінін айтып, журналистерді айтулы шараға қатысуға шақырды. Ал Шәкизада Әбдікәрімов жаңа аллеяны қаламгерлердің бас қосатын орталығына айналдыру үшін арнайы шаралар өткізіп тұруды ұсынды. Сондай-ақ «Qazaqstan» Ұлттық арнасының облыстағы меншікті тілшісі Әділбек Жақанов шағын футболдан қаламгерлер арасында өткізілетін турнирді БАҚ өкілдері арасында өтетін республикалық жарысқа айналдыру жөнінде ұсыныс білдірді. Қала әкімі бұл ұсыныстарды қолдады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<