Қаламға қанат байлағандар

1753

0

Қазақстан Жазушылар одағында «Қазақ әдебиетінің көктемі» атты дәстүрлі әдеби жыл қорытындысы өтті деген «Егемен Қазақстан» хабарымен жыл құсындай жаңалық жетті.

Салтанатты жиында қаламгерлер былтырғы жылдан бері өмірден өткен ақын-жазушыларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жыл қорытындысын Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет сөз сөйлеп ашты. Әдебиеттің әр жанры бойынша 15 баяндама жасалды. Қазақстан Жазушылар одағының жаңа мүшелері қабылданып, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағымен және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен марапаттау рәсімі болды.

«Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы Төлен Әбдік, Ахметжан Ашири секілді танымал қаламгерлермен бірге жерлесіміз, белгілі жазушы Молдахмет Қаназға берілді.

Сонымен бірге, проза және поэзия жанры бойынша «Алаш» әдеби сыйлығы лауреаттарының есімі белгілі болды.

Проза жанры бойынша сыйлық иелерінің қатарында жерлесіміз жазушы Серік Байхонов та бар. Бұл сыйлыққа ол «Алып пен қалып» кітабы үшін лайықты деп танылды. 

Ал, поэзия жанры бойынша әдеби сыйлық «Сүлейдария» жыр кітабы үшін дарынды ақын, Ахмет Нишат атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Шаһизада  Әбдікәрімовке берілді.

Ақынның бұл кітабы қырғыз тілінде де жарық көрген болатын.

Жыл қорытындысында деректі проза, әдеби сын, көркем аударма, сатира жанрлары және орыс, ұйғыр әдебиеті бойынша да әдеби сыйлық иелері аталды.

Біз жерлестерімізді әдебиет саласындағы үлкен жетістігімен құттықтай отырып, тәуелсіз еліміздің рухани байлығын еселей беріңіздер, шығармашылықтарыңыздың шыңы аласармасын деген ақ тілегімізді білдіреміз.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<