Қармақшы: Ауқымды жобалар жүзеге асуда

328

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек алдағы жылға межеленген жоспарларын бөлісіп, өткен жылғы оң өзгерістерге тоқталды.

Аудан әкімі елді мекендерді көркейту және абаттандыруға 437 млн теңге қаржы қаралып, биыл бұл көрсеткіш екі есе өскенін айтты. 

– Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік саласының қарқыны жақсы. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде 214 жоба несиелендірілді. Оның ішінде, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 45 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 194 азамат грант жеңімпазы атанып, кәсібін бастауда. Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» фабрикасы толығымен іске қосылды. Кәсіпорында 100 жаңа жұмыс орны ашылып, тәулігіне орта есеппен 8-10 тонна өнім өндірілуде, – деді Ж.Еркінбек.

Жосалы кентіндегі жақсы жаңалықтың бірі – аудан орталығының «көгілдір отынға» қосылуы. Аудан басшысының айтуынша, Төретам және Ақай елді мекендері газдандырылып, Дүр Оңғар ауылына да газ желісін тарту биыл басталмақ.

Күзде күріштің әр гектарынан орта есеппен 60 центнерден өнім жиналды. «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бес гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын егу жұмысын жандандыруда. Қажырлы еңбектің арқасында «Алтын күз» мерекесінде «Жаңажол» серіктестігі облыстағы үздік шаруашылық атанып, «Үлгілі елді мекен» конкурсында ІІ орын иеленіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Аудан әкімінің айтуынша, құрылыс жұмыстары да қарқынды. Өндіріс және өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында Жосалы кентінде «АНК-Дәулет» серіктестігі газоблок өндіретін шағын зауыттың құрылысын бастады. ІІІ Интернационал ауылдық округінде жеке кәсіпкер құны 300 млн теңге болатын мал бордақылау алаңын және мал сою цехын салмақ. Жоба іске асырылғаннан кейін ет өңдеу цехын ашу көзделуде.

– Ауданда халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік нысандар салу, ауызсу және газбен қамтамасыз ету, электр желілерін қайта жаңғырту мәселелері шешімін тауып келеді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына Ұлттық қордан бөлінген қаржыға 51 тұрғын үй сатып алынып, аймақ басшысының қатысуымен пайдалануға берілді. Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай ахун ауылдарында құны 697 млн теңге болатын су қабылдайтын құрылғы іске қосылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында кент орталығында дене шынықтыру және спорт кешені пайдалануға берілді. Иіркөл, Төребай би, Ақай, Ақжар ауылдық округтерінде балалар және спорт ойын алаңдары салынды, – деді аудан басшысы.

Инфрақұрылымды дамыту бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» аралығындағы автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл Марал ишан кесенесіне апаратын автомобиль жолы салынбақ. Бес елді мекеннің 21 көшесі жөндеуден өтіп, аудандық бюджет есебінен Жосалы кентінің 3 көшесі жарықтандырылды. Аудандық аурухана жанынан компьютерлік томография кабинеті ашылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Жосалы кенті, ІІІ Интернационал ауылында жаңа мектеп құрылысы басталмақ.

Аудан көлемінде атқарылған іс аз емес, алда жоспарлы жұмыс та жетерлік.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<