Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуы тиіс деген болатын.
Қаржылық мониторинг агенттігі бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәселен, 1-15 желтоқсан аралығында елімізде қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған «Qarzhy Saqshysy» республикалық компьютерлік ойыны өтті. Жобаны Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Қаржылық мониторинг агенттігі және AML Academy бірлесіп жүзеге асырды. Интерактивті форматта қатысушылар қаржылық тәуекелдерді анықтап, виртуалды қаражатты басқарды және қаржылық қауіпсіздікке қатысты тапсырмаларды орындады. Сол арқылы оқушылар дропперліктің белгілерін, қаржылық пирамидаларды анықтауды және фишингтік сайттарды шынайы сайттардан ажыратуды үйренді.
Ойынға Қазақстанның барлық өңірінен 800 мыңнан астам 10-11 сынып оқушысы мен колледждердің 1-2 курс студенттері қатысты. Ал облысымыздан 41 мыңға жуық жеткіншек аталған ойыннан өтіп, сертификатын алды. Алдағы уақытта жоба қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
«Qarzhy Saqshysy» қаржылық тұрғыдан сауатты әрі жауапты ұрпақты қалыптастыру жолындағы маңызды қадамға айналып, қаржылық қауіпсіздік саласындағы білімді арттыруға бағытталған тұрақты дәстүр ретінде жыл сайын өткізіледі.
Майра ОРАЛБАЕВА,
облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің
аса маңызды істер бойынша тергеушісі





