Қаржыны тиімді жоспарлау маңызды

404

0

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, депутаттар және басқарма басшылары қатысты. Күн тәртібінде 11 мәселе қаралды. Депутаттар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, оған нақты жауап берілді.

Сессияда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев хабарлама жасады.

– Мемлекет басшысы мен Үкімет Сыр өңіріне ерекше қолдау көрсетіп келеді. Осының арқасында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталуда. Экономиканың барлық негізгі салаларында өсім бар. Жыл басынан бері 2 ай қатарынан еліміздің өңірлері арасында көшбасшы позициясында тұрмыз. Өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан өнеркәсіп өндірісінде кейінгі 10 жылда төмендеу тенденциясы байқалды. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап оң динамика қалыптасып, ол өнім өңдеу өнеркәсібі есебінен көрініс берді. Өсу қарқыны бойынша 2022 жылы 11-орында болсақ, 2023 жылы 1-орыннан көріндік. Экономикалық тұрақтылықты сақтау оңай жұмыс емес. Бұл қарқынды одан әрі сақтап қалу үшін жүйелі жұмыс атқаратын боламыз, – деді облыс әкімі.

Бюджет қаржысын тиімді жоспарлау – өңір дамуының маңызды бағыты. Облыс бюджетінің басым бөлігін субвенция құрайды. Соған қарамастан жыл сайын өз кірістерінің оң динамикасы қалыптасуда. Өткен жылдың қорытындысымен жергілікті бюджет жоспары артығымен орындалды. Осындай оңды жағдай облыстық бюджет жоспарында да бар.

– Аймақтың салықтық әлеуетіне жүргізілген талдау бойынша жергілікті бюджет түсімінің негізгі үлесі ірі кәсіпорындар мен бюджеттік мекемелерден тиесілі екені анықталды. Оның басым көпшілігі – әлеуметтік, жеке табыс, мүлік салықтары. Салық базасын одан әрі ұлғайтудың қосымша резервін қарастырудамыз, бұл жөнінде арнайы мәжіліс өткізілді. Барлық деңгейдегі әкімдерге, жергілікті атқарушы, кірістер, полиция органдарына салық базасын ұлғайту бойынша нақты міндеттер жүктелді.

Бүгін сіздердің назарларыңызға 2024 жылға арналған облыстық бюджет кезекті нақтылауға ұсынылуда. Облыс үшін маңызды саналатын бірінші кезектегі мәселелерді қаржыландыруға назар аударылуда. Әкімдердің халықпен кездесуінде тұрғындар тарапынан облыстық және аудандық денсаулық сақтау ұйымдарын санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету мәселесі жиі көтеріледі. Тұрғындардың сұранысына сәйкес былтыр облыстық бюджеттен денсаулық сақтау ұйымдарына 25 санитарлық автокөлік сатып алынды. Олардың жалпы құны – 512,5 млн теңге. Дегенмен, медициналық ұйымдардағы көліктердің 68,4 пайызының тозығы жеткен. Сондықтан жаңа санитарлық автокөліктермен қамтамасыз етуге мән берілді. Автокөлік паркін жаңарту үшін 200 санитарлық автокөлікті лизинг арқылы сатып алудың бастапқы жұмысына 100 млн теңге бағытталды.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Үкіметке төрт ауқымды инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырды. Олардың қатарында жұмыс істеп тұрған жылу орталықтарын жөндеу, инженерлік жүйелерді жаңғырту секілді өзекті мәселелер бар. Тозығы жеткен жылу желілерін азайтуға баса назар аударылуда. Осы ретте жаңғырту жобаларына жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 122,5 млн теңге қаралуда. Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ жылу желісін және қазандықтарын жаңғыртуға бағытталған республикалық бюджеттен қаржысы бөлінген 6 жобаны қоса қаржыландыруға 1,1 млрд теңге жоспарлануда, – деді облыс әкімі.

Облыс орталығындағы Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелін салу – қала тұрғындары үшін маңызды. Жоба жүзеге асқанда теміржолдың арғы бетіндегі «Шанхай», «Коммунизм», «Гагарин» шағын аудандарынан қаланың орталығына қауіпсіз көлік қатынасы реттеледі. Аталған жобаны қоса қаржыландыруға 475,6 млн теңге бағытталуда.

– Сондай-ақ автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту, көпір өткелдерін салу жобаларын қаржыландыруға 3 млрд теңге бөлінуде. Жақында ғана Үкіметте тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселелері қаралып, біздің облыстың оң тәжірибесін басқа өңірлерге тарату бойынша нақты тапсырмалар берілді. Қазір облыста бұл бағыттағы  8 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Облыс орталығын санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша халыққа қызмет көрсету жұмыстарына 1,3 млрд теңге бағытталуда, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төралиев өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы жобалар жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 183,4 млрд теңгеге жетті, алдыңғы жылмен салыстырғанда 140,4 пайызды құрап отыр. Басқарманың тікелей тапсырысымен 59 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 30-ы пайдалануға берілді.

Былтыр білім саласында құрылысы жүргізілген 36 нысанның 8-і ел игілігіне айналды. Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салу жоспарланып отыр. Олардың жалпы құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 білім ошағының құрылысы басталды. Сондай-ақ облыс орталығында физика-математика бағытындағы мектеп құрылысы бой көтеріп келеді. Оқу ошағында 400 өрен білім алады. «Білімді қолдау қорының» қаржыландыруымен іргетасы қаланған білім ұясында 300 балаға арналған мектеп-интернат болады. Оған қоса облыс орталығында «Оқушылар сарайы» және музыкалық колледж ғимаратының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Елімізде жүзеге асып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 27 медициналық нысан салынады. Былтыр 16 емдеу орны елдің игілігіне айналып үлгерсе, қалғаны биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бір ауысымда 300 науқас қабылдай алатын көпбейінді ауруханада емхана мен онкологиялық бөлімше халыққа қызмет көрсетеді. Ал «Қан орталығы» биыл іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Айта кетсек, мәдениет саласы бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазірге дейін «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», 4 ауылдық клуб пайдалануға берілді. Облыстың барлық ауданында «Руханият орталығы» бой көтереді. Онда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері, тарихи-мәдени, рухани ұйымдар орналасады.

Бүгінде Қызылорда қаласының сол жағалауында жергілікті жанкүйерлер асыға күтіп жүрген 7 мың адамға арналған Орталық стадион, жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып кетті.

Сондай-ақ «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында облыста әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 15,5 млрд теңгеге 1302 пәтер сатып алынды. Бұл көрсеткіш бойынша өңір Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орында. Былтыр облыста 4108 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде халыққа 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам адамның баспана мәселесі шешілді.

Сессия барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы  Қамбарбек Мүбәраков, облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев, облыстық мәслихат депутаты Балжан Шәменова, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов баяндама жасады.  Депутаттар тарапынан көтерілген мәселелер мен қойылған сауалдарға нақты жауап берілді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<