Қазалы: 7 шет мемлекетке өнім экспортталуда

609

0

Биыл облыстың құрылғанына 85 жыл толды. Ал батыс аудандардың бірі – Қазалы 95 жылдық мерейтойын тойламақ. Жыл басынан бері бұған байланысты ауқымды шаралар өтуде. Алдағы уақытта мереке кең көлемде аталып өтеді. Тағылымы мен тәрбиелік маңызы зор, рухани-мәдени, спорттық бағыттағы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, бірқатар әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру жоспарланған.

Бұл жайында ауданның 6 айлық есебін қорытындылаған Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Сондай-ақ атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарларын бөлісті.

– Жақында ғана облыс әкімінің бастамасымен елді мекендерді тазалық пен көгалдандыруға ынталандыру үшін «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткенін білесіздер. Аудан орталығы – Әйтеке би кенті «Үздік аудан орталығы» номинациясымен үшінші орынға қол жеткізді. Қорытындысымен кейінгі үлгідегі жаңа техника – ассенизатор көлігі мен жол тазалайтын трактор берілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аудандағы орман қорын қорғауда еңбек етіп жүрген инспекторлардың жұмыс сапасын арттыру үшін 10 қызметтік мотоцикл, борттық және вахталық екі КамАЗ көлігін тапсырдық. Бұл – орманшыларға жүктелген міндетті жоғары дәрежеде орындау үшін берілген мол мүмкіндік, – деді аудан әкімі.

Қазалыда шағын және орта кәсіпкерлік саласында 6760 кәсіпкер тіркелген. Нақты жұмыс істеп тұрғаны – 96,5 пайыз. Аудан кәсіпкерлері тарапынан 4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, биыл 8 кәсіпкерлік ғимарат бой көтерген. Оған 28 адам тұрақты жұмысқа тұрыпты. Саланы қолдау үшін 247 жоба бойынша түрлі қаржы ұйымдары тарапынан бизнес өкілдеріне 2,2 млрд  теңге несие берілген.

– Жыл басынан бері Қазалы ауданынан Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Нидерланды елдеріне 3539 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылды. Атап айтсақ, 2421 тонна күріш, 557 тонна балық, 561 тонна қамыс экспортталды. Күріш демекші, елдегі диқан қауым 17377 гектар жерге егін екті. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 6450 гектар. Ал бақша 1115, көкөніс 950, картоп 315 және малазықтық дақылдар 6876 гектарды құрайды. Сырдария өзенінің аяғында орналасқан Қазалының судан тапшылық көретіні рас. Соның алдын алу үшін биыл 3 су насосы сатып алынды. Одан бөлек, шаруашылықтар мен ауылдық округ әкімшілік теңгеріміндегі 25 насос жұмыс істеп тұр, – деді өз сөзінде Мұхтар Оразбаев.

Ауданда газдандыру жұмысы қарқынды жүруде. Бүгінде халықтың 63,2 пайызы «көгілдір отын» игілігін көріп отыр. Былтыр Қазалы қаласы мен Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, «Басықара» ауылдары газға қосылған еді. Енді Абай ауылын газдандыру үшін 41 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, «Майдакөл», Ү.Түктібаев елді мекендеріне «көгілдір отын» жеткізу жоспарланған. Бес ауылға магистральдық газ құбырын тартуға жеке кәсіпкердің демеушілігімен жоба-сметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өткен.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы арасында салынып жатқан 4 жолақты жол құрылысы аяқталады. Аудан орталығындағы 14 көше асфальтталып, 24 көшеге қиыршық тас төселуде. Екіншіден, іргелес жатқан Қазалы қаласының да 15 көшесі жөндеуден өтіп жатыр. Үшіншіден, ауыл арасындағы жолдарды жөндеу жалғаса береді. Осы жылы екі лот бойынша аудандық маңыздағы «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей», Ғ.Мұратбаев ауылына кіреберіс және «Бекарыстан би-Қожабақы» автожолдары жаңғыртылмақ. Бұл үшін бюджеттен 1,2 млрд теңге ақша қаралған. Сондай-ақ Әйтеке би кенті мен «Басықара» ауылы арасындағы көпір толық аяқталды. Ал ірі жобалардың бірі – «Қарлаң» көпірінің құрылысын жалғастыруға бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінген.

–  Алдағы уақытта ауданда «Жайлы мектеп» жобасымен екі мектеп бой көтереді. Бірі – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының ортасынан салынатын 600 орындық, екіншісі – Жанқожа батыр ауылында тұрғызылатын 300 орындық мектеп. Бұған қоса қазір аудан орталығынан 250 орындық білім ордасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал Қ.Пірімов атындағы ауылда орналасқан №92 мектепті күрделі жөндеу жаңа оқу жылына дейін аяқталады. Биыл облыс әкімінің қолдауымен аудан оқушыларын тасымалдау үшін 3 заманауи автобус берілгенін де білесіздер.

Құрылысты қосымша қамтысақ, «Бозкөл», «Кәукей» және Абай ауылында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. «Кәукейдегі» клуб пен кенттегі 600 орындық мәдениет үйін биыл бітіру жоспарланған. Сонымен қатар, «Бірлік», «Майдакөл», Шәкен елді мекендерінен 100 орындық клуб салу үшін тиісті құжаттар әзірленді, – деді аудан басшысы.

Айта кетейік, биыл Ү.Түктібаев ауылында спорт кешені пайдалануға берілді. Сол сияқты Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Бекарыстан би және Ғ.Мұратбаев ауылында да дәл осындай спорттық ғимарат тұрғызуға тиісті құжаттар дайындалған.

Ержан ҚОЖАС

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<