Қазалының қарқыны жоғары

544

0

Жыл санап аудандар дамып келеді. Ал әлеуметтің әлеуеті артуына мұндағы жасалып жатқан жұмыстардың маңызы зор. Өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметі батыс беткейдегі Қазалы және Арал ауданының тыныс-тіршілігін бағамдауға арналған баспасөз турын ұйымдастырды. Қазалыда әуелгі көргеніміз – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы арасындағы жол жөндеу жұмыстары болды.

Ауданда атқарылып жатқан ауқымды істің бірі – бұл. Жалпы құны 2,4 млрд теңгені құраған 4 жолақты жол құрылысы жыл аяғына дейін ел игілігіне берілмек. Жоба аясында 7 шақырымды құрайтын автомобиль жолы 4 жолаққа кеңейіп, 2 темірбетон көпірі мен 2 су өткізгіш құбыры жаңғыртылатын болады. Сонымен қоса, мұнда аялдамалар және түнгі жарық шамдары орнатылмақ. Тіпті, күре жолда автобус аялдамасының алаңы да салынады. Айтпақшы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен салынатын жолды «Стандарт ОЙЛ КЗО» серіктестігі салуда.

– Жыл басынан бері аудан бойынша 7 аудандық маңызы бар автомобиль жолы және кентішілік 11 көше жөндеуден өтуде. Алдымызда аталған жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау межесі тұр. Сәтін салып, бәрі ойдағыдай болса, бұл жұмыстар аудандағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 85 процентке жеткізуге септігін тигізетін болады. Сонымен қоса, аудандық маңызы бар үш жолды және кент, ауылішілік 52 көшенің жол құрылысына облыстық, республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсыныс берілді. Жоба мақұлданса, кезең кезеңімен жүзеге асатын болады, – деді аудандық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрман Бердәлиев.

Осы тұста айта кетейік, кент пен қаланы жалғайтын автожолдың құрылысы 2020 жылы басталып, баға өзгерісіне байланысты жоба-сметалық құжаты қысқартуға енген болатын. Сондықтан арада біршама уақыт жұмыс тоқтап қалған. Бүгінде жұмыс қайта жандануда.

Ауданда табанымыз тиген келесі орын –  Қазалы қаласы. Мұнда қазір газ жүргізіліп, тұрғындар игі бастаманың игілігін көріп отыр. Мақсат – ел қуанышын көзбен көру. Толығырақ айтып өтсек, қаладағы 1558 тұрғын үй «көгілдір отынмен» қамтылды. Елді елең еткізген жоба 2020 жылы басталып, биыл ерте көктемнен бастап тұрғындар игілігін көруде. Қалаға газ кіргізу үшін 60 шақырымға жуық газ құбыры жүргізіліп, 1 дана ПГБ мен 9 ГРПШ орнатылыпты. Бүгінде қаладағы 260 тұрғын үй газға қосылған.

Ендігі бастаманың игілігін көретіндер қатарында Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов пен Басықара елді мекендері де бар. Мысалы, Жалаңтөс батыр елді мекеніндегі сәуірде басталған орамішілік газ желісінің құрылысы қазан айында аяқталса, ауылдың мың жарымнан аса тұрғыны газбен қамтылады. Ізінше Қ.Пірімов пен Басықара елді мекеніндегі отын кіргізіп, күл шығаратын бұрынғы күйбең тірлік тоқтайтын болады. Қазіргі таңда қатар жатқан қос ауылда газ құрылысы бойынша желі жүргізіліп, газ тарату құрылғылары монтаждалды. Ендігі кезекте желілері жоғары ауа қысымымен тексеріліп, үрлеп тазалау жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде Жалаңтөс батыр ауылында барлығы 14 шақырымды құрайтын газ желісі жүргізіліп, жоғары қысымды 4,5 шақырым газ құбыры төселуде. Бұған қоса, «ЮгГазПроект» ЖШС директоры Ж.Тәңірбергеновтің демеушілігімен Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл мен Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ құбырын жеткізу үшін ЖСҚ әзірленіп, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Қарқынына қарқын қосқан Қазалы ауданында бұдан өзге де ауқымды істер жетерлік.  Соның бірі – «Қарлан» көпірі. Аудандық маңызы бар «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымындағы «Қарлан» учаскесінен Сырдария өзені арқылы көпір салынып жатыр. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге әжептәуір қаржы қарастырылып, жоба мақұлданған. Жалпы құны 4484,7 млн теңгені құраған бұл жоба аясында ұзындығы 248,29 метр көпір салынады. 17 айға созылатын құрылыс ІІІ санатты автожол саналады. Бүгінде мұндағы жұмыс қарқынды.

Нарық ырыққа көнбей тұрғаны рас. Алайда қазалылықтар оның шешімін табуға тырысып жатыр. Бүгінде Қазалыда барлығы 17 мың гектарға егін егілген. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, ауданда қосымша 114 гектар жер дайындалып, оның 30 гектарына картоп, 70 гектарына көкөніс пен 14 гектарына бақша дақылдары егілген.

− Бақшамен айналысып отырғаныма 5 жылдан асты. Зейнетке шыққаннан бастап мемлекеттен жалға жер алып, егін егеміз. Қазір бақшада картоп, қызанақ, қызылша, асқабақ өсіп жатыр. Жердің салығы қымбат емес, суғаруға да жағдай жасалған. Осы бақшаның арқасында қыстай өзіміздің өнімді тұтынамыз. Судан да аса бір тапшылық жоқ, каналдан әр бақша иесі насоспен тартып алады. Ешқандай дәрісіз, тек шіріген көңнің көмегімен осынша өнім алып отырмыз, − дейді аудан тұрғыны Сахи Татаев.

Зейнеткер бақшалық қызметті әбден меңгерген. Жазда егінмен қатар, көң шірітіп, тыңайтқышын да өзі дайындайды. Қалаға іргелес орналасқан шаруашылық аумағында бақшамен айналысатын тұрғын көп.

Ауданда ауыл шаруашылығымен айналысу былтыр қуаңшылық кезінде қиынға соқты. Себебі бұл жерлерде соңғы 40 жылда бірде-бір құдық қазылмаған. Ал бұған дейінгі су көздері істен шыққан. Бұл кемшілікті жою үшін Қарашеңгел, Шәкен мен Арықбалық ауылдарында 3 ұңғыма қазуға республикалық бюджеттен 61,8 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда Қарашеңгелде «Прайд ЛТД» серіктестігі мердігер ретінде анықталып, ұңғыма қазуды бастады. Ал Арықбалық пен Шәкен ауылдық округтерінде «Энергия НҰР» ЖШС мердігер ретінде анықталды. Ұңғыма қазу жұмыстары жақын күндері басталады деп күтілуде.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<