Қазақ музыкалық драма театры қалай құрылды?

982

0

Мемлекеттік архив қоғамдық-саяси тарихы филиалындағы облыстық партия комитетінің құжаттарында облыстық қазақ музыкалық драма театрының құрылу кезеңі туралы қызықты деректер бар.

Қызылорда облысы құрылғаннан бастап облыс орталығында немесе аудандарда тұрақты жұмыс істейтін театр болған жоқ. Ал жұмыс істеп тұрған корей театрын Қаз КСР Халықтық Комиссарлар Кеңесі жанындағы өнер ісі жөніндегі басқармасының шешімімен Талдықорған облысы, Қаратал ауданына жіберіп, оның орнына Шымкенттен немесе Семейден қазақ театрын көшіру іс жүзінде орындалмай, хат түрінде ғана  қалған. Архивте 1945 жылы облысқа қазақ театрының қажеттігін алға тартқан облыстық партия комитетінің хатшысы Аталықовтың ҚК(б)П Орталық комитетіне жолдаған хаты сақтаулы.

Облыстық қазақ театрына режиссерлікке Әбубәкір Исмаиловтың кандидатурасын ұсынып, қоюшы-суретші 1 адам, театр училищесін бітірген мамандардан 5 адам бөлуді, оның ішінде ерлерге – 3, әйелдерге 2 штат бөлуді сұраған. Осылайша Қызылорда қаласында ҚазКСР Халықтық Комиссарлар Кеңесінің қаулысына сәйкес, Халықтық Комиссарлар Кеңесі жанындағы өнер ісі жөніндегі комитеттің бұйрығымен облыстық қазақ музыкалық драма театрын құру үшін жұмыстар жүргізілген.

1945 жылы 5 шілдеде «Облыстық  қазақ  музыкалық драма театрының құрылуы туралы» ҚК(б)П облыстық комитетінің бюросы және еңбекшілер депутаттарының облыстық Кеңесі атқару комитетінің бірлескен жиналысында қаулы шықты. Алғашқы сахналық шымылдығының ашылу салтанаты 1945 жылдың 22 қыркүйегінде болды. Олардың қатарында Қаз КСР еңбек сіңірген артистері – Ж.Шаймерденова, И.Құлатаев, Мырзағалиев, Молдағазина, Камардинова болған.

Қаулы бойынша ашылған театрдың штаттық кестесі 63 адамнан құралған, әкімшілік басқару персоналдары – 6 адам. Директор болып А.Таласов тағайындалған.

Қалалық атқару комитетіне пионерлер үйінің ғимаратын барлық ішкі жабдықтарымен театр қарамағына өткізуге бұйрық шығарылған. Алғашқы қойылымдар қатарында «Айман-Шолпан», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Жорж Дондень-Мольера», «Еңлік-Кебек» және «Ақан сері-Ақтотыны» сахналаған.

1947 жылғы дерек бойынша, құрылғаннан бастап театрда 297 спектакль қойылып, оған 26 мың көрермен тартылыпты. Осы 1947 жылғы анықтамада 1946 жылы жөндеу жұмысына 148 000 рубль жұмсалды деп көрсетілген.

1948 жылғы 2 ақпандағы Еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық кеңесінің шешімімен директоры Ж.Ораловты қызметінен босатып, уақытша К.Камаловты сайлаған. Осы жылдың 26 сәуірінде Қызылорда облыстық музыкалық драма театрын 1948 жылғы 29 наурыздағы ҚазКСР Министрлер Кеңесінің қаулысына сәйкес, Шымкент театрына қосу туралы Еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесі атқару комитетінің шешімі шыққан. Шешімге сәйкес Қызылорда облыстық музыкалық драма театрын 1948 жылдың 30 сәуіріне дейін біріктіру жұмыстары жүргізілген.

Облыстық театр ғимаратын құрал-жабдықтарымен қоса концерттік-эстрадалық бюросының Қызылорда бөлімшесіне беру туралы, теңгерімдегі 1 жылқыны балалар туберкулезі ауруханасына өткізуді бұйырған. 1948 жылдың 1 мамырынан облыстық атқару комитетінің шешімімен Қызылорда облыстық музыкалық драма театры таратылады.

Дана ҚАЛТАЕВА,                                        

«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві»

КММ-нің қоғамдық-саяси тарихы бойынша

филиалының бөлім басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<