«Қазақ зиялылары және зұлмат жылдар»

1038

0

Облыстық ішкі саясат басқармасының «Рухани жаңғыру орталығы» КММ мен А.Пушкин атындағы орталық кітапхана ұжымының ұйымдастырумен 31 мамыр – «саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» аясында «Қазақ зиялылары және зұламат жылдар» атты дөңгелек үстел өткізілді.

Жиынға облысқа белгілі зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, кітапхана ұжымы мен оқырмандары қатысты. Шараның модераторы облыстық ішкі саясат басқармасы «Рухани жаңғыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Уәлихан Ибраев ұлттық тарихымыздың ақтандық аталған нәубетті жылдары турасында сөз қозғап, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығын және ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевтың төрағалығымен өткен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның бірінші отырысының хаттамасының 7-тармағын орындау мақсатында, 2021 жылғы 20 қаңтарында облыс әкімінің «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияны құру туралы» №185 Қаулысы бекітілгендігі жөнінде баяндады.

Жиын барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уайс тарихтан сыр шертіп, кейінгі жастарға сабақ болар мағлұматтарымен бөлісті. Әсіресе Уайс Үбәйдәұлы Қазақ зиялыларының өмірі жайлы, бойындағы қасиеттері төңірегінде тарихи мәліметтерді баяндап, қатысушылардың тақырыпқа байланысты қызығушылығын арттырды. Сонымен қатар жиынға қатысқан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақов өз зерттеулеріндегі тың еңбектерімен бөлісіп, зұламат жылдарындағы еркілерінен тыс жер аударылған бауырлас өзге ұлт өкілдері жайлы жаңа деректер ұсынды.

Айтжан Жұмабайұлы өз сөзінде:

– Өздері еңсесін тіктей алмай отырған қазақ халқының өзге ұлт өкілдерінің кеудесінен қақпай, керісінше, оларға жасаған қамқорлығын, ерлікпен пара пар батыл қадамдарын тарихи деректермен ұштастырды. Ел зиялыларының ерлігін баяндады-деп сол уақыттағы жағдайларға тоқтады.

Дөңгелек үстелге қатысқандардың ішінде облысқа белгілі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, магистр Бақытжан Ахметбек өңірдегі XX ғасырдың бас кезіндегі орын алған көтерілістер жайында баяндап, сол дәуірдегі батырлардың есімдерімен бөлісті және «Болашақ» университетінің жоғары колледжі оқытушысы Қанат Қыпшақбаев тұшымды пірілерін, орамды ойларын ортаға салып, тарихшылар мен әдебиетшілердің зұлмат жылдар жөніндегі қазіргі көзқарастары жөнінде ойларын айтып, тарихты оқыту процесіндегі әдістердің жаңа тұстарына тоқтады.

Дөңгелек үстел барысында орталық директоры Уәлихан Серікұлы шараны қорытындылай келе, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек» деген сындарлы сөзін айтып, тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық рухтың өрлеуіне жол ашатынын баяндады.

Бүгінгі өткен шараның мақсаты – жастарға тарихымызды бүкпесіз жеткізіп, жас ұрпақ жадына егемендіміздің оңай келмегендігін дәріптеу болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<