Қоғам тамыршысындай тұлға

723

0

Кеше облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбішті 70 жасқа толған мерейтойына байланысты қабылдады.

Мерейлі жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагердің замандастары, отбасы мүшелері қатысты.

«Сыр елінде еңбегімен еленген жандар көп. Олардың атқарған қызметін, адами тұлғасын дәріптеу, жастарға үлгі ету дәстүрімізге айналған. Сондай азаматтар қатарындағы Сәбит Ыдырысұлының есемі ерекше. Ол – туған жері Шиелі ауданы Тартоғай кеңшары шаруашылығында, Қызылорда такси паркінде, теміржол саласында түрлі қызметтер атқарған азамат.

2010 жылдан бастап «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігіне басшылық жасап келеді. Осы кезеңде аймағымыздағы тұрақтылықты сақтауға, қоғамның бірлігін арттыруға, Семей ядролық полигонында әскери борышын өтеген азаматтарға көрсетілетін тиісті қолдауларды жүзеге асыруға тынбай ізденіп, көп жұмыстар атқарды. Соның арқасында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды», – деген Н.Сақтағанов С.Әбіштің азаматтық қоғам өмірін ілгерілетудегі елеулі еңбегін атап өтті.

Сонымен бірге облыс әкімі Н.Нәлібаевтың құттықтау хатын табыстап, мерейтой иесіне шапан жапты. Елу жыл бірге отасып, бес перзент тәрбиелеген отанасы Шәмсия апаға гүл шоқтарын сыйлап, ізет көрсетті.

Мұнан соң сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, «Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері» одағының төрағасы Қ.Баймаханов, «Тартоғай» ауылының тұрғыны, ардагер Б.Пірімбетов, басқа да кісілер Сәбит Әбіштің қара басынан қоғам мүддесін жоғары қоя білетін адами болмысына баға беріп, мерейлі жасына игі тілектерін арнады.

Семей полигонында 40 жылдан астам уақыт бойы бес жүзге жуық ядролық сынақ жасалған. Аждаһа ажалдың аузынан шыққан от жерімізді улап, жерлестерімізді кемтар күйге ұшыратты. Осы бір сұмдық сынақтардың өтіне түсіп, азаматтық борышын өтеген азаматтар ортамызда жүр. Солардың мұң-мұқтаждығын билік назарынан таса қалдырмай, облыс көлеміндегі Семей полигонында болған ардагердің әрқайсының жай-күйін өз күйі санап, қоғам тамыршысына айналған С.Әбіш бүгінгі күні зор құрметке ие болып отыр.

Мерейлі басқосуға қатысушылар ардагердің осындай адал тұлғасын ақ тілекпен жеткізді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<