Су – тіршіліктің өзегі, елдің ырысы мен берекесінің бастауы. Әсіресе Сыр өңірі үшін судың маңызы ерекше. Дариядан тараған әрбір тамшы мыңдаған гектар егістікті нәрлендіріп, шабындық пен жайылымды кеңейтіп, елді мекендердің өсіп-өркендеуіне негіз. Бұл игіліктің артында табиғатпен тіл табысып, күрделі гидротехникалық құрылыстарды күтіп-баптап, суды тиімді үлестіріп келе жатқан су шаруашылығы мамандарының қажырлы еңбегі жатыр.
9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Сыр өңіріндегі ең ірі су нысандарының бірі – Жаңадария мен Қуаңдария арналарының тарихына және оны өркендеткен сушылардың еңбегіне тоқталған жөн.
1956 жылы стратегиялық маңызы зор Орта Азиядағы ірі гидротехникалық нысандардың бірі – «Қызылорда» су торабы толық салынып, пайдалануға берілді. Осы тарихи оқиғадан кейін облыстағы 286,5 мың гектар суармалы жердің 210,5 мың гектарын инженерлік жүйеге келтіру жұмыстары басталып, өңірді сумен тұрақты қамтамасыз етуге жол ашылды.
1958-1966 жылдары Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласы, Қазалының оң және сол жағалауы, Арал ауданы аумақтарында кең көлемді су шаруашылығы жұмыстары атқарылды. Ескі су арналары кеңейтіліп, жаңа каналдар қазылды, жол мен көпірлер салынды, арнайы қашыртқы каналдар іске қосылып, жаңа шаруашылықтар құрылды.
Көне тарихтың куәсі Жаңадария мен Қуаңдарияның жаңа тынысы да осы кезеңде ашылды. 1958 жылдың 11 желтоқсанында алғаш рет Жаңадария арнасына су жіберіліп, ғасырлар бойы қуаң жатқан арнаға қайта жан бітті. Соның нәтижесінде көлдер қалыптасып, олардың жағасына тіршілік қоныстанды. Суармалы егістік, шабындық пен жайылым көлемі айтарлықтай ұлғайды.
1964 жылдан бастап мал шаруашылығын дамыту мақсатында Жаңадария мен Қуаңдария бойында жаңа кеңшарлар құрылды. Сырдария ауданында Іңкәрдария, Жалағаш ауданында Жаңадария мен Аққыр, Қармақшы ауданында Қуаңдария және Жаңақала, Қазалы ауданында Қызылқұм кеңшарлары ұйымдастырылды. Сонымен қатар Ботабай каналы бойында Шиелі ауданындағы Қызылқайың, Жуантөбе, Ботабай, Сырдария ауданындағы Айдарлы, Жетікөл және Амангелді елді мекендері бой көтерді.
Жаңадария мен Қуаңдариядағы су реттеу жұмыстарын 1971 жылға дейін «Қызылорда» су торабы мекемесі жүргізді. Алайда егістік пен шабындық көлемінің ұлғаюы, мал шаруашылығының қарқынды дамуы жаңа басқару құрылымын қажет етті. Осыған байланысты Қазақ КСР Үкіметінің 1971 жылғы 10 қыркүйектегі №868 қаулысы және Республика Су министрінің бұйрығы негізінде 1971 жылдың 1 қазанынан бастап Жаңадария каналдар басқармасы құрылды.
Жаңадария арнасы Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш және Қармақшы аудандары арқылы өтіп, жалпы ұзындығы 1052,6 шақырымға созылады. Оның оңтүстікке бағытталған бөлігі Қарақалпақстан аумағы арқылы Арал теңізіне дейін жеткен. Ал Қуаңдария Жаңадариядан Қышбөгет тұсынан бөлініп шығып, Майлыөзек арқылы солтүстік-батысқа қарай ағып, өзінің көне арнасына құяды. Оның жалпы ұзындығы 436,4 шақырымды құрайды.
Жаңадария каналдар басқармасы құрылған күннен бастап өмірінің соңына дейін, яғни 1985 жылға дейін мекемені облысқа белгілі сушы, ақын әрі жазушы Қуаныш Есханов басқарды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби тәжірибесінің арқасында каналдардың материалдық-техникалық базасы нығайып, көптеген гидротехникалық нысан салынды.
1971 жылы басқарма қарамағында Жаңадария мен Қуаңдария бойындағы негізгі су реттегіш тоспалар мен 30-дан астам шаруашылық каналы болды. Сол жылдары 5100 гектар тұрақты суармалы жер және 25-30 мың гектар шабындық суарылып, 13-15 шаруашылыққа су жеткізілді. 1971-1974 жылдары Жаңадария арнасына жыл сайын 450-550 миллион текше метр су жіберіліп отырды.
1972-1973 жылдары Жаңадария мен Қуаңдария бойында бірнеше жаңа су тоспалары салынса, 1984-1986 жылдары арналарды түзеу, су өткізу мүмкіндігін арттыру және жаңа гидротехникалық құрылыстар тұрғызу жұмыстары кең көлемде жүзеге асырылды. Жаңадария каналының бойында жаңа жобалар әзірленіп, оң және сол жағалау каналдарын дамытуға негіз қаланды.
Бүгінде Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалының «Ауданаралық каналдар жүйесі» өндірістік учаскесі жалпы ұзындығы 1308,7 шақырымды құрайтын каналдарды пайдаланып келеді. Оның құрамында 31 су тоспасы, 19 көпір, 16 қызметтік үй және 16 су бекеті бар.
Кезінде бұл мекемеде 120-ға жуық маман еңбек етсе, бүгінде 60 қызметкер осынау ауқымды су шаруашылығы нысандарын күтіп-ұстап, шаруашылықтарды дер кезінде сумен қамтамасыз ету бағытында тынымсыз жұмыс атқаруда. Климаттың өзгеруі мен су тапшылығы күшейіп отырған қазіргі кезеңде олардың еңбегінің маңызы бұрынғыдан да арта түсті.
Сыр өңірінің өркендеуі мен ауыл шаруашылығының дамуы – су шаруашылығы қызметкерлерінің табанды еңбегімен тығыз байланысты. Жаңадария мен Қуаңдарияның қайта жандануы, мыңдаған гектар жердің игерілуі, жаңа елді мекендердің қалыптасуы – осы саланың саналы қызметкерлері атқарған өлшеусіз еңбектің нәтижесі.
Бүгінгі таңда су шаруашылығы саласының алдында тұрған басты міндеттердің бірі – білікті инженерлер мен гидротехниктердің жаңа буынын қалыптастыру. Су ресурстарын тиімді басқару, цифрлық технологияларды енгізу, ирригациялық жүйелерді жаңғырту – кәсіби даярлығы жоғары мамандарды қажет етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, өндіріс пен білім беру ұйымдарының өзара байланысын күшейтудің маңызы зор. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде су шаруашылығы бағыты бойынша мамандар даярлайтын білім беру бағдарламаларымен тығыз әріптестік орнату қажет. Болашақ инженерлерді өндірістік тәжірибеден өткізу, тәжірибелі су мамандарының дәріс оқуы, ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыру, дуальды оқыту элементтерін дамыту саладағы кадр мәселесін шешуге тың серпін береді. Мұндай ынтымақтастық жас мамандардың теориялық білімін нақты өндірістік тәжірибемен ұштастырып, өңірдің су шаруашылығы саласына білікті әрі заман талабына сай мамандардың келуіне жол ашады.
Сыр өңірінің су шаруашылығы – қаншама жыл бойы қалыптасқан мол тәжірибе мен еңбек мектебі. Сол мектептің сабақтастығын сақтап, оны жаңа буынға жеткізу – бүгінгі күннің маңызды міндеті. Өткеннің тәжірибесі мен бүгінгі технология ұштасқанда ғана су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қол жеткізе аламыз.
Су – ұлттың стратегиялық байлығы. Ал сол байлықты сақтап, ел игілігіне жаратып жүрген су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Ізбасқан ӘЗИЗ,
«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы ауданаралық каналдар жүйесі өндірістік учаскесінің инженері





