«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда облысында қыс мезгілінің қалай өтетіні туралы болжамды жариялады.
Кәсіпорынның облыстық филиалының бөлім басшысы Әйгерім Жөкелованың айтуынша, 25-26 желтоқсан күндері жауын-шашын, әсіресе, қар көбірек жауып, сондай-ақ көктайғақ күтіледі. Ауа температурасы түнде -12-17°С, облыстың солтүстігінде -20°С дейін төмендейді. Айдың аяғына қарай түнде 5-10°С, күндіз 0 +5°С-ге жоғарылап, жылуы мүмкін. Желтоқсанда жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан аз, ал шығысында қалыпты деңгейде болмақ.
– Қаңтар айының алғашқы онкүндігінде ауа температурасы түнде -3-8°С-ден -8-13°С-ге, күндіз 0+5°С-ден 0-5°С-ге аздап төмендеп, аяз болады. Онкүндіктің соңына таман түнде -1-6°С-ге, күндіз +2+7°С-ге жоғарылайды. Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде -20-25°С, күндіз -10-15°С-ді көрсетеді. Онкүндіктің аяғында түнде -1-6°С-ге, күндіз +2+7°С-ге ауысады. Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде -21-26°С, күндіз -11-16°С-ге өзгереді. Бірінші онкүндіктің ортасы, екінші онкүндіктің басы қар, жаңбырмен ерекшеленеді. Айдың ортасында қар жауады. Бірінші онкүндіктің аяғында, екінші онкүндіктің басы мен ортасында тұман түсуі ықтимал. Екінші онкүндіктің басында бұрқасын күтіледі. Қаңтарда секундына 15-20 метр екпінмен жиі жел соғады, – деді Ә.Жөкелова.
Қыстың соңғы айы – ақпанда орташа ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болмақ. Жауын-шашын мөлшерінде айтарлықтай өзгеріс жоқ.
«Қазгидромет» өкілі «Жаңа жыл қарсаңында Қызылордада қар жауа ма?» деген сұраққа жауап берді.
– Жаңа жылға дейін жалпы облыс аумағында қар жауады. Дегенмен, күндіз ауа температурасы +5ºС-ге көтерілетіндіктен, мұның облыс орталығына, Шиелі мен Жаңақорған аудандарына қатысы жоқ, – деді ол.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





