Қызметтік автокөліктер қатарға қосылды

472

0

Биыл республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары үшін 132 арнайы қызметтік автокөлік сатып алынды. Оның 9-ы Қызылорда облысына бөлінген.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің өкілдері жиналған іс-шарада оларға «Chevrolet Cobalt» автокөліктері салтанатты түрде тапсырылды. Бұл көліктер облыс орталығы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған, Сырдария және Жалағаш аудандарындағы тұрақты эпидахуалды қамтамасыз етуге үшін қызмет жасайтын болады.

Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова бұған дейін тозығы жеткен көліктермен ауру ошақтарына жету қиындық тудырғанын, әсіресе, бұл аудандарда, шалғай елді мекендерде өте өзекті екенін айтып өтті. Автокөліктер – инфекциялық, паразитарлық аурулардың эпидемиологиялық ошақтарын уақытылы тексеруде керекті құрал.

– Дүниежүзін шарпыған пандемия уақытында салада біршама кемшіліктер байқалды. Алайда Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сай бүгінде қажетіміз түгенделіп жатыр. Мына жаңа көліктер қала мен аудандық басқармалардың жұмысына пайдаланылады. Жаңа  көліктердің берілуі біз үшін өте маңызды. Себебі, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің көлік паркіндегі автокөліктердің көбінің тозығы жеткен. Көбі 20 жылдан бері жаңартылмаған. Облыс аумағы үлкен, кейбір аудандар тіпті шалғайда жатыр. Елді мекендер де көп. Сондықтан жедел әрі тиімді зерттеу жүргізу кезінде автокөліктерсіз жүру қиын. Пандемияның кезінде біздің мамандар межелі жерге такси жалдап барып жүрді, – деді ол.

Сала мамандарының айтуынша, алда кейбір аудандардағы басқармалардың материалдық-техникалық базасы жаңартылмақ. Сондай-ақ, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<