Қызылорда құрылысының жаңа дәуірі

718

0

Шынында, Қызылордада құрылыстың жаңа кезеңі басталды. Жержерде сәулеті мен сәні жарасқан ғимараттар бой көтеріп, соны идеялар серпін алды. Жергілікті жұртшылық тарапынан ұзақ жылдан бері айтылып келген ұсыныспікірлер қысқа уақытта облыс басшылығы тарапынан қолдау тауып, бірқатар нысанның іргетасы қаланды. Бейсенбіде, яғни Құрылысшы күні қарсаңында облыс орталығында әлеуметтік, мәдени және медицина саласы бойынша үш бірдей ғимараттың  алғашқы кірпіші қаланса, «Бәйтерек» шағын ауданында ұңғымалар бұрғылаумен су жинағыштың құрылысы басталды.

Сондайақ, осы бір мерейлі мезетте Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылында, Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде ауылішілік газ құбырын тарту және Шиелі ауданына қарасты Тартоғай елді мекенінде автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы да қатарға қосылды.

Айта кетсек, кейінгі жылдарда Қызылорда қаласының өзінде 12 шағын аудан бой көтеріп, 270 көпқабатты тұрғын үй салынған. Өңірде 7000-ға жуық азамат жаңа пәтерге ие болды.

Шаттық шаңырағы

Енді Сыр өңірінде шаңырақ құруға ниет танытқан жастар заманауи үлгідегі неке сарайында отбасылық өмірге қадам жасап, ерекше сәтті жақындарымен бөліседі.

Жұртшылық алдында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Неке сарайының» алдағы уақытта жас жұбайлардың киелі ордасына айналатынын атап өтті.

– Құрылысшы – адам өміріндегі маңызды әрі мәртебелі мамандық. Кез келген мемлекеттің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы аталған саланың дамуымен сабақтасады. Бүгінде Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің cол жағалауы жаңа құрылыстардың салынуымен айшықталып келеді. Оған құрылысшылар айрықша үлес қосуда. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында облыс аумағында көптеген инфрақұрылымдық, инвестициялық жобалар жүзеге асып, өңір тұрғындары баспанамен қамтылып, әсем ғимараттар бой көтеруде.

Біз әрдайым жерлестеріміздің талап-тілектерін, ұсыныстарын ескеруге дайынбыз. Облыс әкімі қызметіне тағайындалғаннан бастап, халықпен кездескен әр сәтте аймақта заманауи сәулеттік үлгідегі жаңа нысандарды салуға уәде еттік.

Туған жердің дамуына шынайы жанашырлықпен қарайтын меценат азаматтарды ортақ іске біріктіріп, құны 45 млрд теңгені құрайтын 391 нысан жобасы әзірленді. Аталған жобалар келесі жылдан іске аса бастайды. Аз уақыттың ішінде өңірге 20 млрд теңге инвестиция тартылды. Мұнан бөлек, Болат Өтемұратов қорымен бірге 11 млрд теңгені құрайтын заманауи жолаушылар терминалы енді екі жылдан кейін ел игілігіне табысталады. Сондай-ақ, аймақта құны 215 млрд теңгені құрайтын, қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу-электр станциясы салынады, – деді облыс әкімі көпшілік алдында.

Айта кетерлігі, өңірде демографиялық өсім жылдан-жылға жақсарып келеді. Отбасылық өмірге қадам басқан жастардың қатары артуда.

– Шаттыққа толы шаңырақ іргетасының қалануының халықаралық жастар күнімен тұспа-тұс келуінің символикалық мәні бар. Биылғы жылдың 6 айында 2276 жұп некеге тұрды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бақытты әрі берік шаңырақ – еліміздің игілігі мен өркендеуінің кепілі. Мықты отбасы – мықты мемлекет» деп отбасы құндылығының маңызды екенін жеткізді. Келешекте «Неке сарайында» отбасы құндылығын дәріптейтін әлеуметтік-мәдени іс-шаралар тұрақты түрде жалғасады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

«Неке сарайының» жобалық құны – 1,5 млрд теңге. Оған жергілікті бюджет есебінен қаржы қаралды. Ғимарат құрылысына «Авангард-ПГС» ЖШС бас мердігер ретінде бекітілсе, бас жобалаушы – «Крез-Сервис»  ЖШС. Құрылыстың жер көлемі 856,00 шаршы метрге жуықтайды. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы – 2100,71 шаршы метр. Құрылыс сегіз айдан кейін ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. 

Өрнегі бөлек өнер сарайы

Сондай-ақ, мәдениет пен руханият алтын қазығына айналған өлкеде енді 19 айдан кейін 1000 адамға арналған жаңа Өнер сарайы халыққа есігін айқара ашпақ. Аймақтағы белгілі құрылыс компаниясы «СМП-Қызылорда» ЖШС бас мердігер ретінде бекітілген екі қабатты ғимаратқа жергілікті бюджет есебінен 3,7 млрд теңге қаралған. Бас жобалаушы міндетін «МұнайГаз-Инжиниринг» ЖШС атқарады.

Аталған өнер ордасында симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.

Облыс басшысы халық санының өсуіне байланысты үлкен сыйымдылықтағы көрермендерге арналған өнер ордаларының қажет екенін жеткізіп, құрылыс жұмыстарына сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы мәдениет пен өнер ұлттың рухани қазынасы екенін айрықша атап өтіп, өнер саласындағы талантты жастарды қолдау керектігін жеткізген болатын. Жаңа Өнер сарайы тек мәдениет саласының қызметкерлеріне ғана емес, Сыр руханиятына қызмет ететін, шығармашыл тұлғалардың киелі ордасына айналады деп сенеміз. Себебі, өнер мен мәдениетке жұмсалған әрбір қаржы жауһар туындылардың өмірге келуіне, ұлтты әлемдік аренада танытуға, талантты өрендердің шабытын шарықтатуға жол ашады. Халық санының өсуіне байланысты өңірдегі мәдениет үйлері мен өнер ордаларындағы үлкен сыйымдылықтағы көрермендерге арналған орын жеткіліксіздігі туындағанына біршама уақыт болды. Сол себепті, қаламызға мұндай жаңа кешеннің құрылысы ерекше қажет еді. Халық игілігіне пайдалануға берілетін нысан көпфункционалды кешен ретінде ашылмақ, – деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда облыс аумағында 409 мәдениет және өнер мекемесі бар. Кейінгі 10 жылда өңірде 33 клуб, 6 музей, 1 мемлекеттік архив ғимараты пайдалануға берілген. Биыл облыста 6 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде.

Салтанатты шарада театр саласының ардагері Хұсейін Әмір-Темір бұл игілікті істің айрықша орны бар екенін, ұзақ жылдан бері айтылып келе жатқан ұсыныс осылайша лайықты қолдау тапқанын айтты.

– Бұл ғимарат өңірдің өнер қайраткерлері, артистері, бишілері және барлық өнерпаздары үшін шеберлігін шыңдайтын шығармашылық шаңырағына айналады деген ойдамыз. Қалың елдің руханиятқа сұранысын өтейтін маңызды ғимараттың алғашқы кірпішін қалағалы тұрмыз. Бұл – біздің жүрегімізге жылылық ұялататын ерекше сәт. Аталған ғимараттың құрылысына қолдау көрсеткен облыс басшылығына, құрылысшыларға үлкен рақмет айтамыз. Өнер сарайы өлкеміздің рухани өзегі болады деген сенімдемін, – деді ол.  

Сол жағалаудың сәні артады

Сырдың сол жағалауында іргетасы қаланған «Қан орталығы» дәрігерлер тарапынан көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселе еді. Жобаның құны 2,7 млрд теңгеге жуық. Алдағы уақытта орталық жылына қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткішін 500-ден 10 мыңға дейін жеткізеді. Сол арқылы халыққа сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын арттыруға мүмкіндік бермек.

– Министрліктермен тығыз жұмыс жасау арқасында аталған жобаны республикалық бюджет есебінен жүзеге асыруға қолдау жасалды. Бұл – үлкен еңбек әрі халық игілігі үшін жасалған нақты қадам. Болашақта Қан орталығы барлық қажетті құралдармен жабдықталады. Айта кетерлігі, келер жылы сол жағалауда бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 адамға арналған көпбейінді аурухана құрылысы басталады.

Мемлекет әрдайым ұлт саулығын көтеру, адам өмірін сақтауға жеткілікті деңгейде мән беріп келеді. Бұл ретте аймақ халқының денсаулығын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Маусым айында Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған аудандық емхана ғимараты пайдалануға берілді. Былтыр Жалағаш ауданаралық ауруханасы, Арал ауданы Шижаға ауылы және Жалағаш ауданы Ақсу ауылында 2 дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Сондай-ақ, Арал, Қазалы, Шиелі аудандарындағы медициналық ғимараты жоқ елді мекендерде 6 медициналық  бекет және Жаңақорған ауданы Жаңарық ауылында 1 дәрігерлік амбулатория халыққа қызмет көрсетуді бастады.

Сондай-ақ, сол жағалауда заманауи талаптарға сай келетін 7-9 қабатты тұрғын үй, физика-математикалық мектеп ғимараты бой көтермек. Ал, «Балалар жылына» тарту ретінде Оқушылар сарайы салынады.

– Расын айту керек, аймақтың медицина саласының дамуында үлкен өзгеріс бар. Ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Қан орталығының құрылысын жаңа мүмкіндіктер бастауы десек болады. Бұл – халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған нақты іс. Мұның бәрі – аймақтың болашағы, адамдардың салауатты өмірі үшін жасалып жатқан игілік, – деді медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов.

«Бәйтеректе» жаңа бастама

Сол күні жаңа ғимараттардың ірге көтеру салтанатымен қатар «Бәйтерек» шағын ауданында жаңа су жинағыш құрылғы құрылысын бастау рәсімі де өтті.

Жұртшылық алдында мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов тілектестік білдірді.

– Нормативке сәйкес әрбір адам тәулігіне 600-700 литр су пайдаланады екен. Ол ауылдық жерлерде 1040-1060 литрді құрайды. Соған сәйкес бізде әлі де бұған байланысты көп жұмыс жасау қажеттігі аңғарылады. Жаңадан бой көтерген «Бәйтерек» шағын ауданы тұрғындарының игілігі үшін қолға алынған жұмыс жемісті болады деген сенімдемін. Қолдау білдірген барлық азаматқа ризашылығымды білдіремін, – деді Б.Досманбетов.  

Айта кетейік, 2016 жылы республикалық бюджеттен қаралған 11 млрд теңге есебінен облыс орталығында «Бәйтерек» шағын ауданы құрылды. Мұнда инфрқұрылымы тартылған 6 мыңға жуық жер телімі дайындалып, кезекте тұрған азаматтарға берілді.

Қазіргі таңда 3 мыңға жуық тұрғын үй бой көтерді. Тұрғындар үшін электр желісі, ауызсу, кәріз жүйелері, телефон мәселесі толықтай шешілген. Биылғы жылдан бастап облыстық бюджеттен жолдарды асфальттауға 500 млн теңге бөлінсе, көпір салуға 368 млн теңге қарастырылып отыр. Одан бөлек, республикалық бюджет есебінен 1 млрд теңгеге жуық қаражатқа 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде, – деді облыс әкімі журналистерге арналған брифингте.

Құны 1 млрд теңгеден астам жоба «Бәйтерек» шағын ауданында орналасқан жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымда сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді. Жоба аясында 7 ұңғыма бұрғыланып, 3 резервуар салынады.

Міне, Құрылысшы күні қарсаңында Қызылордадағы еңбек ырғағы осылайша жаңа бастамалармен толықты.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<