«Балмұздақтан» бітірушіге дейін…

641

0

Қызыққа толы студенттік шаққа ешнәрсе тең келмейді. Балалық мінезден арылып, өз бетіңмен өмір сүруге бейімделетін кезең. Әр шақтың өз естелігі бар десек, әр адамның есінде ерекше естелігімен жатталып қалатын студенттік шақ ешқашан ұмытылмайды.

Алғашқы күн. Арман қуып қалаға келдіңіз. Бір қызығы сол, университеттегі алғашқы күн ең бірінші адасумен басталады. Санада «дәрісхана», «деканат», «ректорат» деген түсінік пайда болады. Алғашқы күннен үлкен өмірге қадам басқаныңызды іштей сезе бастайсыз. Мектеп қабырғасындағы күндерді университет ішіндегі қызыққа толы дүниелер айырбастайды. Бүгінде студенттердің әр күні мерекедей өтсе де, күнтізбеде белгіленген атаулы мейрам бар. Ол – Халықаралық студенттер күні.

Осы орайда студенттік кезеңнің қызықты сәттерімен бөлісу үшін әр салада еңбек етіп жүрген мамандармен тілдескен едік. Олардың бәрі ерекше сәттерді сүйсіне отырып айтып берді.

Айдана Жұмадинова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің баспасөз хатшысы:

– Студенттік жылдар мен үшін тынымсыз ізденістің уақыты болды. Ұстаздарымнан «студент кезде барынша өзіңді дамыту керек, кітапты көп оқыңдар. Кейін жұмысқа орналасқан соң уақыт жетпейді» дегенді көп естідім. Сондықтан күнімді жоспарлауды әдетке айналдырдым. Журналистика мамандығына барамын десем де, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығында білім алу бұйырды. Сол себепті де бос уақытымды журналист ретінде қалыптасуға арнадым. Жазу қабілетімді дамыту үшін облыстық «Ақмешіт жастары» газетімен байланыс орнаттым. Шығармашылық байқауларға қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атандым. Қызылордаға республикалық БАҚ өкілдері келіпті десе, шеберлік сабақтарына бірінші болып баратынмын. Теориядан гөрі, практикалық тұрғыда білікті мамандардан сабақ алудың жөні бөлек. Олар мақала жазу, тақырып қою, сәтті сұхбат алудың лайфкахтарымен бөлісетін. Сондай-ақ, журналистерге арналған мектепте ұйымдастырушы болып жұмыс істедім. Әрине, мұның барлығы 18-19 жастағы мен үшін үлкен мотивация болды. Айта берсем қызықты сәттер өте көп. Жалпы студенттік жылдарым естен кетпестей ерекше өтті деп айта аламын. Студенттік шақ – өзіңді тануға, қабілетіңді шыңдауға арналған керемет уақыт.

Құралай Жақсылық, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің баспасөз хатшысы:

– Студенттік кез – өз алдына тұнған тарих. Алғашқы белес. Студенттік шақ. Адам өміріндегі ең елеулі, есте қаларлық алтын уақыт. Жалындаған жастық жігер мен білімге ұмтылыс арасындағы арпалыс. Бәріміз студенттік шақты бастан кештік. «Білсем, көрсем, үйренсем» дейтін арман қиялында жүрдік. «Балмұздақ» атанған алғашқы курстан «бітіруші түлек» болғанша дәрісхана мен кітапхананың дәлізін тоздырдық. Жатахананың жөні бір бөлек. Алғашқы махаббат та студенттік жылдардың бір кереметі. Мамандықты адам студенттік шақта сүйеді. Білім алғаның үшін стипендия алып, оны жұмсағанның өзі бір ғанибет. Жылына бір рет атап өтілетін Халықаралық студенттер күні – ерекше мереке. Сондықтан барлық студенттерді мерейлі мерекемен құттықтаймын.

Нұрасыл Бекматов, «Qosyl» қалалық жастар орталығының қызметкері:

– Бұл кезең мен үшін оқумен қатар қоғамдық өмірге араласуыма негіз болған баспалдақ сияқты. Ол сәттер жылы естеліктерге толы. Бірде сабақ үстінде жаңа ұйымның презентациясының таныстырылымы болады деп шақырды. Барсам өзім секілді жастар алдымызда үлкен ұйымның мақсат міндеттері туралы айтып тұр. Ұйым өкілдері «Жастар рухы» жастар қанаты Астана қалалық филиалының атқарып жатқан жұмыстарын, жоспарларын талқылап жатыр екен. Кейін менің де қызығушылығым оянып, осы ортада өзімнің бағымды сынап көрейін деп шешім қабылдадым.

Студент кезде жинаған тәжірибе мен өмірлік дағдыларымның, арқасында бүгінде туған жерге келіп, жастармен бірлесіп жұмыс істеп жүрмін. Бұл да мен үшін үлкен жетістік. Университет қабырғасынан алған білім мен тәрбиені ұштастырып, әлі де биік белестерді бағындыратыныма сенемін.

Самал Мәлікқызы, дзюдодан қола жүлде иегері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығының 1-курс студенті:

– Студенттік өмір – мен үшін қайталанбас қызықты шақтар. Оның қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Оның ыстығына төзіп, суығына тоңып жүрсек те қызықты оқиғалар көп болады. Жаңа орта, жаңа достар тауып олармен бірге уақыт өткізу мен үшін  өте маңызды. Бір үйдің баласындай болып та кеттік. Түрлі іс-шараларға қатысып, басқа топтармен түрлі сайыстарда бақ сынасқан кездер де болды. Алдағы уақытта  студенттерді қарсы алу кеші өтеді. Оны бәріміз асыға күтудеміз. Студент болу өмірдің тағы бір баспалдағына қадам басу деп білемін.

Әңгіме барысында кейіпкерлеріміз студенттік шақтың адам өмірінде айрықша орын алатын кезең екенін жеткізді. Жалпы, студенттік кезде жастар тек білім алуға ғана емес, өмір сүруге, ақ пен қараны ажырата білуге, өздігінен шешім қабылдауға үйренеді.

Барша студенттерді атаулы күнмен, ерекше мерекемен құттықтаймыз! Жастық шақтың ең керемет кезеңін есте қаларлықтай ерекше естеліктерге толтырыңыздар. Студент атанған күннен бастап әрбір уақытыңызды, әрбір минутыңызды бағалаңыз. Уақыт өте келе еске алатын әрі сағынатын сәтіңіз дәл осы шақ болмақ.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<