Сақшыларға қызметтік көлік табысталды

546

0

Кеше орталық алаңда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен полиция қызметкерлеріне жаңа қызметтік көліктердің кілті табысталды. Автокөліктер аймақ басшысының қолдауымен Қазақстан Республикасы полициясының 30 жылдығы мерекесіне орай беріліп отыр. Сондай-ақ шараға облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Сұлтан Бектөре мен құқық қорғау саласының басшылары және ардагерлер қатысты.

Салтанатты жиында Нұрлыбек Машбекұлы қоғам алдындағы полиция қызметкерлерінің жауапкершілігі жоғары екенін айтып, қауіпсіздікті жіті бақылайтын тәртіп сақшыларын құттықтады, жұмыстарына оң бастама тіледі.

– Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымның бірі. Полицейлердің кәсіби біліктілігімен бірге қызметіне адалдығының, жауапкершілігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімі арта түсуде. Бүгінгі күні олар қылмыспен күресуде алдыңғы сапта тұрып, мезгілдің ыстық-суығына қарамай, тәртіп пен ел тыныштығын сақтауда ерліктің үлгісін көрсетіп келеді.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында полиция органдарының еліміздің нығаюына қосатын үлесі мен құқық қорғау жүйесін одан әрі дамыту бағыттары айқындалған. Олай болса, сіздерге жүктелген міндеттің аса жауаптылық пен қырағылықты қажет ететінін біз жақсы түсінеміз, қызметтеріңіздің қауырт және күрделілігін ескеріп, тиісті жағдай жасауға дайынбыз, – деді облыс басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл полиция органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мен арнайы киіммен жабдықтауға облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Мұнда негізінен ішкі істер органдарының жедел басқару орталығын жаңғырту, мүмкіндігі жоғары бейнебақылау камераларымен қамту, арттехникалық жарақтандыру мен қызметтік көлік алуға аса мән берілуде.

– Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесі жақсы. Дегенмен, әлемдік деңгейдегі дағдарыс, террористік және экстремистік қауіп-қатер, қылмыстардың түрленуін ескерсек, қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Тапсырылып отырған автокөліктер алдағы уақытта полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, тұрғындардың тыныш та уайымсыз өмір сүруін қамтамасыз етіп, қылмыспен күресті жалғастыруға септігін тигізіп, жұмыс сапасын одан әрі арттыра түседі деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Мұнан кейін облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Серікбол Тұңғышбай әріптестерін құттықтап, Сыр сақшыларына қолдау көрсеткен аймақ басшысына алғысын жеткізді.

Салтанатты рәсімде полицейлер сап түзеп, шеруге шығып, жаңа көліктермен жүріп өтті.

Облыс бойынша полиция қызметкерлеріне  түрлі маркадағы 92 қызметтік көлік берілді. Атап көрсетсек, облыстық бюджет арқылы барлығы 60, оның ішінде «ДЖАК СЗ» жол талғамайтын көлігінен 17 және 43 «Шевролет Кобальт» көлігі бар. Сонымен қатар, биылғы қаңтар оқиғасына байланысты ұлттық қордан 32 автокөлік облысқа бөлінген. Мұның ішінде 13 дана «КИА РИО», 10 дана «Шевролет Кобальт»  және 9 дана «Шевролет Р3 Нексия» маркалы көлігі бар. Автокөліктердің барлығы озық үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Дыбыс күшейткіш қондырғысы, рация және JPS жүйесі орнатылған.

Қазір облыстық полиция департаментінің теңгерімінде 569 қызметтік автокөлік бар. Оның 200-ден астамының пайдалану мерзімі аяқталған.  Қаңтар оқиғасы кезінде 34 автокөлік бүлінген.

Айта кету керек, ресми мәлімет бойынша Қызылорда облысы қылмыс аз тіркелген аймақ ретінде белгілі болып отыр.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<