САЙЛАУ ЗАҢНАМАСЫН ЖЕТІЛДІРУДІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ ТУРАЛЫ

327

0

«Қазақстан Республикасының кейбір консти­туциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 29 маусымдағы №162-VI Қазақстан Республикасының заңымен «ҚР Сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Ең алдымен, мәслихаттардың депутаттарын сайлау жүйесінде іргелі өзгерістер орын алды:  осыған дейін мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар белгілі бір сайлау округ бойынша өзін-өзі ұсыну жолымен немесе қандай да бір қоғамдық бірлестіктің атынан ұсынылып, басқа кандидатқа қарағанда сайлаушылардың көпшілік дауыс санын алған кандидаттар депутаттыққа сайланатын сайлануы мажоритарлы жүйе бойынша өткізілсе, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап негіздеме туындаған жағдайда мәслихаттардың депутаттарын сайлау пропорционалды жүйе бойынша өткізілетін болады. Яғни, депутаттар аумақтық сайлау округі бойынша саяси партиялар ұсынатын партиялық тізімдер бойынша сайланады.
 Партиялық тізімге тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихатының депутаты етіп сайлау үшін осы партияның мүшесі болып табылатын адамдарды енгізу туралы шешім саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғарғы басшы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданып, ол аумақтық сайлау комиссияларына жолданады. Тиісті сайлау округі бойынша бір ғана адам ұсынылады және тіркеуге кемінде екі партиялық тізім ұсынылуы қажет.
Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өз қаражаттарынан жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының 5 еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.
Сайлау қорытындылары бойынша саяси партия дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде 7 пайызын  жинаған жағдайда, сондай-ақ партиялық  тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда,  жарна саяси партияға қайтарылады. Қалған барлық жағдайда енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады.
Партиялық тізімдер бойынша дауыс беру қорытындыларына сәйкес депутаттық мандаттарды бөлу келесідей жүргізіледі: тиісті аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 7 және одан көп пайызын алған әрбір партиялық тізім үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша берілген сайлаушылар дауысының жиынтығын есептеп шығарады. Жеті пайыздық кедергіні еңсерген саяси партиялар үшін берілген сайлаушылар дауысының жиынтығы таратылатын депутаттық мандаттар санына бөлінеді. Алынған нәтиже алғашқы сайлау бөлінді саны (квота) болып табылады.
Егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 7 пайызын тек қана бір саяси партия алса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге көрсетілген саяси партияның тізімі, сондай-ақ дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының келесі көп санын жинаған партияның партиялық тізімі жіберіледі.
Депутаттық мандаттарды бөлуге қатысатын әрбір партиялық тізім алған дауыстардың саны алғашқы сайлау бөлінді санына бөлінеді.
Жеті пайыздық кедергіні еңсермеген және мандаттарды бөлуге қатысатын партияның тізімі алған дауыстардың саны алғашқы сайлау бөлінді санына бөлінеді және 0,7 түзету коэффициентіне көбейтіледі.
Санды бөлу нәтижесінде алынған тұтас бөлік партиялық тізімді қалыптастырған тиісті саяси партия алатын депутаттық мандаттар болып табылады.
Жеті пайыздық кедергіні еңсермеген және мандаттарды бөлуге қатысатын саяси партия кемінде бір мандат алады.
Депутат мерзімінен бұрын шығып қалған жағдайда оның мандаты тиісті аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың арасынан саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органы айқындайтын келесі кандидатқа беріледі.
Егер тиісті партиялық тізімде кандидаттар қалмаса, мандат мәслихат депутаттарының келесі сайлауына дейін бос қалады.
Мәслихаттар депутаттарын сайлау жүйесі ауысқандықтан, осы сайлауды ұйымдастыратын округтік сайлау комиссиялары сайлау органдары жүйесінен алынып тасталды және олардың функциялары аумақтық сайлау комиссияларына берілді.
Сонымен қатар, учаскелік сайлау комиссияларының сандық құрамын анықтау бойынша нормаларға өзгерістер енгізілді. Егер Конституциялық заңның бұрынғы редакциясында барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары жеті адамнан тұратын болса, алдымыздағы жылдан бастап тиісті аумақтық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссияларының сандық құрамын:
1) тиісті сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың саны екі мыңға дейін болған кезде – бестен жеті мүшеге дейін;
2) тиісті сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың саны екі мыңнан жоғары болған кезде жетіден он бір мүшеге дейін айқындайды.
Аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары немесе орынбасарлары, сондай-ақ хатшылары өз өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде іске асыратындығы маңызды жаңашылдықтардың бірі болды. Бұл норма 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Жоғарыда аталған өзгерістерден басқа, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу процесін жақсартуға, құқықтық олқылықтарды жоюға, сайлаушылардың қызығушылығын арттыруға және олардың мемлекеттің саяси өміріне қатысу белсенділігін арттыруға бағытталған көптеген түзетулер мен толықтырулар енгізілген.
Сайлау мәселелеріне қатысты заңнамалық актілер Орталық сайлау комиссиясының сайтында, сондай-ақ облыс, қала, аудандар әкімдерінің ресми сайттарында ашылған аумақтық сайлау комиссияларының парақшаларында орна­ластырылған.
Облыстық сайлау комиссиясы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<