Шабақтар неге қырылды?

616

0

Қуаңшылық биыл да қайталануы мүмкін. Өйткені, қазірдің өзінде су жетіспеушілігі анық сезілуде. Әсіресе, теңізге құяр сағадағы көл мен каналдардың кеуіп қалу қаупі жоқ емес. Өткен апта соңында Арал ауданына қарасты Бөген ауылына жақын орналасқан «Сағынбай» каналында майда балықтардың қырылу фактісі тіркелген. Сырдариядан су алатын каналдың Қарашалаң ауылы маңындағы көлге су құютыны белгілі болды.

«Сағынбай» каналының ұзындығы 1 шақырымнан асады. Тереңдігі 2 жарым метр. Мамандардың арнайы зерделеу жұмыстары арқасында бізге белгілісі, мұнда оттегі қоры аз. Ғылыми ұйым маманының алдын ала айтқан тұжырымына сүйенсек, оттегінің аздығынан балықтардың тіршілігі тоқтаған. Әрі каналға көптен су түспей, арнасы бөлініпті. Нәтижесінде 975 келіден астам балық қырылған. Ұзындығы 4,5-10 сантиметр аралығындағы торта, табан, ақбалық шабақтарының жайы осылай.

– Аймақтағы экология департаментінің қызметкерлері мен арнайы ғылыми ұйым бірлесе сараптама жасауда. Бөген ауылындағы ветеринарлық пункт мамандары балықтан, экология департаментіндегілер каналдан су сынамасын алды. Оның нәтижесін алдағы уақытта айтатын боламыз. Біз сынама қорытындысын күтпей-ақ, балықтарды сақтап қалу үшін тиісті шараларды қолға алдық. Жергілікті атқарушы органмен бірге мұз ойып, судағы балыққа қолдан оттегі берілуде. Жалпы шабақтардың қырылуына қалыңдығы 25 сантиметр болатын мұз бен каналдағы судың тым аз болуы себеп болып отыр, – дейді «Арал-Сырдария» облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инпекциясы басшысының міндетін атқарушы Жанқожа Сапаров өңірлік коммуникация қызметінде берген брифингте.

Аймақ тілшілеріне шұғыл брифинг берген жауаптылардың да бар айтар уәжі – судың тым аз болуы. Қазір «Сағынбай» каналының бірнеше жерінен ойық ойылған. Балықтың тіршілік етуіне, оны сақтауға жергілікті билік орындары да көмек көрсеткен. 

– Оқиға болған жерге біздің басқармаға қарасты Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің қызметкерлері барып, тиісті жұмыстар атқаруда. «Сағынбай» каналында 22 ойық ойылып, оған қамыс салынды, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Аяғанов.

А.Аяғановтың айтуынша, бүгінде қала мен барлық аудан әкімдіктеріндегі жауаптыларға тапсырма беріліпті. Онда өз аумағындағы су айдындарына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, балық шығынын болдырмауда қосымша жұмыс жүргізу керектігі айтылған.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<