Шағын кәсіпкерлік – экономика тірегі

360

0

Фото: ашық дереккөз

Биыл өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында ауқымды жоспарлар қолға алынды. Осы жылы өнеркәсіп өндірісі көлемін 101, өңдеу өнеркәсібін 107, сауда айналымын 104,5, шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін 23 пайызға жеткізу межеленіп отыр.
Облыстың негізгі капиталына 517,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дінмұхамед Әбсаттаров айтты.

– Облыста кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы айтарлықтай жанданып келеді. Мәселен, былтыр кәсібін тұрақты жүргізіп отырған кәсіпкерлер саны 67 180 болып, осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 125 мың адамға жетті. Нәтижесінде, саладағы өсім көрсеткіші 7,6 пайызды құрады. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласында 540,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бизнестің жалпы өңірлік үлесі 17,7 пайыз болған. Өткен жылы аймақта мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,6, өңдеу өнеркәсібі 33,5, сауда 4,7, негізгі капиталға тартылған инвестиция 14,2 пайыз артты. Жалпы, индустрияландыру шараларының нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша біздің облыс республикада бірінші орында, – деді басқарма басшысы.

Былтыр облыста кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласында 15 жоба жүзеге асты. Ал алдағы бесжылдықта өңірде 65 жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Аймаққа инвестиция тарту бойынша Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Корея, Қытай мемлекеттерімен келісім нәтижесінде 3 инвестициялық жоба қолға алынды.

Мөлдір САҒЫНБАЕВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің 4 курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<