Шиелі: Мереке қарсаңындағы қос қуаныш

405

0

Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барып, жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуына және тұрғындарға пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. іс-шараларда Қызылорда облысының Құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлы болды.

Аймақ басшысы алдымен тұрғындарды спорт нысанының ашылуымен құттықтады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аймағымызда спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Ел Президентінің бастамасымен өткен жыл «Балалар жылы» деп аталғаны белгілі. Атаулы жылда демеушілер көмегімен 1 млрд 600 млн теңгенің 80 спорт-ойын алаңы балдырғандарға тарту етілді. Оның 6-уы Шиелі ауданында балалар игілігіне берілді. Демеушілер бұл жұмыстарды биыл да жалғастыруда. Үкіметтің қолдауымен аймақта спорт құрылымын дамытудың ауқымды жобалары жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы Шиелі кенті «Көкшоқы» шағын ауданындағы спорт кешені күрделі жөнделіп, бүгінде онда тұрғындардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Жастардың байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда топ жаруына заманауи үлгідегі осындай нысандардың ықпалы мол, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Расында, Сыр елінің саңлақтары спорттық додаларда әркез жеңіс төрінен көрінуде. Аймақ спортшылары биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша ҚР чемпионаты мен кубоктарында 552 (175 алтын, 165 күміс, 212 қола) медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарында 76 медальға (32 алтын, 24 күміс, 20 қола) қол жеткізді. Атап өту керек, бүгінде облыс тұрғындарының 38 пайызы, яғни 316 мыңнан астам адам бұқаралық спорт түрлерімен шұғылданады.

Қызылорда қаласының сол жағалауынан «Көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы» жобасы оң шешімін тауып, республикалық маңызы бар спорт ғимаратының құрылысы басталды. Жоба құны – 6 млрд 900 млн теңге. Бұдан бөлек, 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының заманауи стадионының құрылысы жақын күндері басталады.

***

Облыс әкімінің Шиелі жұмыс сапарында тұрғындарға 72 пәтердің кілті табысталды.

Аймақ басшысы қоныстой иелерін құттықтап, халықты баспанамен қамту мемлекеттің басым бағытының бірі болып қала беретінін жеткізді.

– Бүгін Конституция күні қарсаңында аудан орталығынан жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, 70-тен аса отбасының қуанышын еселемекпіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деген болатын. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында 2023 жылдың тамыз айындағы облыс бюджетінің көлемі 604 млрд 100 млн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың тамызындағы көрсеткішпен салыстырғанда 157 млрд 600 млн теңгеге немесе 55,3 пайызға ұлғайды. Оның ішінде Шиелі ауданының бюджеті 13 млрд 444 млн теңгеге жетті. Бұл ауқымды қаражат аймағымыздың ең өзекті саналатын мәселелерін шешуге, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

72 пәтерлік тұрғын үй «Көкшоқы» шағын ауданында салынған. Пәтерлер комиссия шешімімен заң аясында тиісті санатқа бөлінді. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 480 млн теңге қаржы қаралып, 50 тұрғын үй құрылысы басталған. Жыл соңында бұл үйлер де халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына берілмек.

Айта кетейік, мамыр айында Шиелі ауданындағы көпбалалы отбасыларға 20 тұрғын үй кілті табысталған еді. Оған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 833,2 млн теңге қаржы бөлінген.

Қазір Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналып, жаңа заманауи нысандар бой көтеруде. Облысымызда соңғы үш жылда жалпы ауданы 231 мың шаршы метрді құрайтын 2868 пәтерлік 148 тұрғын үй салынды. Биыл 31 млрд 400 млн теңгеге 130 мың шаршы метр болатын 1924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта 1430 пәтерлік 30 үй халық игілігіне табысталады. Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі.  Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн теңге, барлығы 1 млрд 700 млн теңге қаражат бөлінді.

Несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша биыл Қызылорда қаласында 520 пәтерлік 11 тұрғын үйді салып, пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінің сол жағалауында 84 пәтерлік жеті қабатты 6 тұрғын үй құрылысы басталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<