Сот кабинетінің тиімділігі

601

0

Сот қызметінде ақпараттық технологияларды дамыту және кеңінен қолдану Жоғарғы Соттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі таңдағы сот саласындағы жаңашылдық ақпараттандыруда қол жеткізген жетістіктерінің бірі «Сот кабинетімен» жұмыс және оны азаматтардың кеңінен қолдануы.

Бұрынғы кезде сотқа құжаттар жинағанда бірталай мекемелерді аралап, апталап сандалып, уақыт жоғалтқан жағдайлар жиі кездесетін. Бүгінгі күні бұл мәселе «Сот кабинеті» сервисі арқылы шешімін тауып, жолға қойылды. Ол іске қосылған сәттен бастап пайдаланушылар оның ыңғайлылығы мен тиімділігін бағалады.

«Сот кабинеті» – бұл электрондық ақпараттық сервис. Сотқа талап арыз бергіңіз келсе, осы сервисті қолдануға болады. Ол дегеніміз өз кезегінде сот ісін жүргізуді жеңілдету, азаматтар үшін онлайн-сервистерге және сот органдарының қызметіне қол жеткізудің бірыңғай терезесі, сот жүйесінің органдары мен халықтың өзара әрекеттестігі бойынша оң нәтиже береді.

Демек, «Сот кабинеті» барлық салада өте ыңғайлы және үнемді, сотқа жүгінуге ниет білдірген тұлғалар үйінен немесе жұмысынан шықпай-ақ уақыттары мен қаражаттарын жоғалтпай, барлық қажетті арыздар мен құжаттарды жібере алады.

«Сот кабинеті» және «Сот құжаттарымен танысу» электронды сервистері Жоғарғы Соттың ресми сайтында іске қосылған. Аталған қызметтерді электронды цифрлы қолтаңбасы бар азаматтар тұтына алады.

Бұл бағытта Қызылорда қалалық сотында «Сот кабинеті» тақырыбы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарының қатысуымен «дөңгелек үстел» мен семинар сабақтар өтіп тұрады. Сонымен қатар жаңашылдықты халыққа түсіндіруде кешенді жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде «Сот кабинеті» арқылы осы күнге дейін қалалық сотқа түскен талап-арыздар 70 пайызды құрап отыр.

Бұл соттың да, сотқа жүгінген тұлғалардың да уақытын үнемдеп,  жұмысын азайтты. Бұл өз кезегінде қағаз құжат айналымынан біртіндеп бас тартуға, соттарда электрондық сот ісін жүргізудің жаңа сатысына көшуге мүмкіндік берді.

А.ИСКАКОВА,

Қызылорда қалалық сотының бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<