Қазір заманды ақпарат ғасыры деп атап жүрміз. Осы ғасырда ел ертең саналатын жастардың өмір қарқыны бұрынғыдан әлдеқайда жылдам. Таңертеңнен кешке дейін оқу, қосымша табыс табу үшін жұмыс істеу, қоғамдағы белсенділік, әлеуметтік желідегі ақпараттар легі – барлығы адамның күш-қуатын сарқуға әкеледі. Сондықтан қазіргі жастардың жиі шаршауын жалқаулық деп бағаламай, заманауи өмір салтының көрінісі десек жарасады.
Ашығын айтайық, бүгінгі жас өзінен тым жоғары нәтиже күтеді. Барлығына үлгеруге, замандастарынан озық болуға тырысады. Алайда адам ағзасының да өз мүмкіндігі мен шегі бар. Үздік боламын деп өзіне үздіксіз жүктеме алады. Бұл жүйкені қажытып, эмоционалдық күйзеліске әкелуі әбден мүмкін.
Уақыттың көп бөлігін смартфонға байланып, әлеуметтік желілерге желімдей жабысу – шаршаудың негізгі себептерінің бірі десек қателеспейміз. Бізден бұрынғы буын кітап оқыса, қазіргілер экранға үңілуден «шаршамайды». Бір қарағанда қарапайым ақпарат көзі болып көрінгенімен, күн сайын жүздеген жаңалық пен түрлі контентті қабылдау миға қосымша салмақ түсіреді. Өзгелердің жетістігін үздіксіз көру кейбір адамда (жастар) өзін бағаламау сезімін қалыптастырып, психологиялық қысымды күшейтеді.
Мамандар мұндай жағдайда ең алдымен күн тәртібін реттеуге кеңес береді. Ұйқының жеткілікті болуы, дұрыс тамақтану және тұрақты қозғалыс адамның физикалық әрі психикалық саулығына тікелей әсер етеді. Күн сайын аз уақыт болса да серуендеу, дене еңбегімен айналысып, қозғалыста болу ағзаның күшін қалпына келтіруге көмектеседі. Бұған қоса, демалысқа да уақыт бөлген жөн. Бұл – мамандардың пікірі. Өкініштісі, кейбір жас жігіттер мен қыздар демалуды уақыт жоғалту деп қабылдайды. Шын мәнінде сапалы демалыс – келесі жетістіктердің кепілі. Адам тек жұмыс істеп қана қоймай, өзіне ұнайтын іспен айналысып, жақындарымен бірге уақыт өткізуі керек.
Ең бастысы – өз мүмкіндігіңді дұрыс бағалау. Барлық іске бірдей үлгеру міндет емес. Кейде ең маңызды жауапкершілік – өзіңе деген жауапкершілік екенін естен шығармаған жөн.
Қазір табысқа жетудің ғана емес, өмірдің әр сәтін, әрбір мезетін сезіне білудің маңызы зор. Сондықтан өзіңді тыңда, дана Абай атамыз айтқандай, «жүрегіңнің түбіне бойла» өзіңе үңіл, өзіңді сақта. Өйткені, өмірдің мәні тек жетістікке жетуде емес, сол жетістіктің қуанышын сезіне білуде.
Нұрхан МАХМҰТ
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
Ж-25-1 оқу тобының студенті





