«Өркениеттен» өркениетті қоғамға

551

0

«Өркениет» медицина колледжі Сыр өңірі аймағында ғана емес, республикамыздағы ең байырғы оқу орындарының бірі.

Білім ордасы ұзақ жылдар бойы қалыптасып, дамып, облысымыздың медициналық мекемелеріне өз ісіне адал, іскер мамандар даярлап шығаруда. Бұл оқу орнының тарихы Сыр өңірі медицина тарихымен біте қайнасып жатыр. Оқу орны заман талабына жауап бере алатын жастарды тәрбиелеп, тәжірибесін жетілдіріп келеді.

Өткен сейсенбі күні оқу ордасына барып, оқу базасымен танысып қайттық.

Оқу базасы соңғы үлгідегі заманауи құрал жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілген. Жиырма жылдық тарихы бар колледжде осы уақыт аралығында 3000-ға жуық түлек бітіріп, еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқарып келеді.

Оқу орнынның басты ерекшелігінің бірі – оқу мемлекеттік тілде жүргізіледі. Оқытушылар мен студенттер түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүргенін де айта кету керек.  

– Түлектеріміз ұшқан ұясымен тығыз қарым-қатынаста студенттермен жиі кездесіп маман тәрбиелеу ісіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Жалпы колледж екі мамандық бойынша орта буын медицина қызметкерлерін дайындайды. Атап айтар болсақ, «Фельдшер» және «Жалпы практика негіздері» мамандығы. Негізі жеке оқу орнын тек табыс көзі деп қарастыруға болмайды. Мұндағы жүйе, жұмыс райы күрделі. Мемлекеттен көмек алмай-ақ 83 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, 678 студент білім алуда, – дейді «Өркениет» медицина колледжінің директоры Анар Жайпанова.

Колледж ұстаздары осы кезге дейін он бес оқу құралын шығарды. Биыл «Жалпы патология» және «Паллиативті көмек және онкология» атты екі оқу құралын шығару жоспарда бар.

«Сала салғырттық көтермейді. Сапалы білім беру басты мақсат», – дейді оқытушылар. Бүгінде оқу процесінің алпыс бес проценті практика жүзінде өтеді. Яғни, білім берудің басым дені емдеу мекемелерінде жүреді. Ол үшін он тоғыз денсаулық сақтау мекемесімен келісімшарт жасалды. Себебі, болашақ сала маманы теориялық ғана  емес, шынайы жағдайда кәдеге асатын практикаға да қол жеткізуі шарт. Сондықтан, өндірістік, клиникалық іс-тәжірибелер қатаң бақылауда.

Әрбір шәкірттің алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Қажет деп таныған студенттер жатақханаға жатқызылады. Медицина мамандары қашанда сұранысқа ие. Бітірген түлектердің 70-80 проценті тұрақты жұмысқа орналасады. Бұл заман талабына сай жауап бере алатын маман даярлаудың жарқын жолы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<